Татьяна Белоусова әлемдегі топ-50 үздік мұғалімнің қатарына кірді
Алматылық ұстаз әлемдегі ең үздік 50 мұғалімнің қатарына кірді. №95 мектеп-лицейінің химия пәнінің мұғалімі Татьяна Белоусова «Global Teacher Prize» халықаралық байқауының үздігі атанды. Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саналы ғұмырын білім саласына арнаған ағартушы-педагогты жетістігімен құттықтады. Мемлекет басшысы бұл жоғары баға – Сіздің өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие мен озық білім беру ісіне сіңірген ұзақ жылғы еңбегіңіздің жемісі деп атап өтті. Ұлағатты ұстазбен әріптесім Айдана Қуантхан жүздесті.
Президент: «Бұл жоғары баға – Сіздің өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие мен озық білім беру ісіне сіңірген ұзақ жылғы еңбегіңіздің жемісі», - деп атап, ұстаз ұлағатын ұлықтады. Алматылық мұғалім әлемнің 139 елінен жолданған 38 мың үміткерден оза шауып, әуелі 5 мың, кейін 100, ақырында санаулы ғана ең үздік 50 педагогтың қатарынан табылды.
Татьяна Белоусова, «Global Teacher Prize» халықаралық байқауының жеңімпазы:
Мемлекет басшысы еңбегімді бағалап, құттықтағаны кеудеме ерекше қуаныш ұялатты. Менің жетістігім – еліміз үщін де жоғары марапаттардың бірі. Біздегі білім беру жүйесі әрдайым халықаралық деңгейде озық болуы тиіс деп есептеймін.
Саналы ғұмырын білім саласына арнаған парасатты педагог – жоғары сыныптарға арналған химия оқулықтарының авторларының бірі. 41 жыл бойы жаққан білім шырағы талай шәкіртін қырандай самғатып, ғылым көгіне көтерді. Заман көшінен қалмай, қазір «Мектеп Online» ұлттық білім беру жобасы аясында орыс және ағылшын тілдерінде дәріс өткізіп жүр. Ал ондағы миллионнан аса қаралым ұстаз еңбегінің шекарасыз екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Әмина Жұмабек, №95 мектеп-лицейінің оқушысы:
Оның методикасы өте жеңіл және түсінікті. Мен химия пәнін және сол мұғалімді өте жақсы көремін.
Ал әріптестері ортасына сыйлы, ісі өнегелі, болмысы мен парасаты үйлескен данагөй ұстаз екенін мақтанышпен айтады.
Айгүл Сағындықова, №95 мектеп-лицейінің мұғалімі:
Өткен жылдары Татьяна Белоусова «Жыл мұғалімі» конкурсына қатысып, сол жерден 10 млн теңге ұтып алған. Соның едәуір бөлігін біздің мықты-мықты деген белсенді оқушыларымызға арнап сыйлықтар жасаған.
Татьяна Белоусова ақпан айында Дубайда өтетін Дүниежүзілік білім беру форумында марапатталады. Кіл мықтылар жиналған алаңда еліміздің абыройын көтеріп, намысын қорғайды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы