Президент құқық қорғау органдарында цифрлық технологияларды қолдану мәселесін көтерді
Бизнеcке заңсыз кедергі келтіру – мемлекет мүддесіне қарсы ауыр қылмыспен тең. Қаржылық мониторинг агенттігінде өткен жиында Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Президент құқық қорғау органдарының қазіргі жұмысына тоқталып, алдағы міндеттерін айқындап берді. Сонымен қатар заманауи цифрлық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні кеңінен қолданудың маңыздылығына ерекше назар аударды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің құрылғанына биыл тура 5 жыл. Ел ішінде ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып жатқан тарихи кезеңде құрылған мекеменің жұмысына Мемлекет басшысы оң баға берді. Президент агенттік қызметіне цифрлық тәсілдер мен жасанды интеллект жүйесін жаппай енгізу – кезек күттірмейтін аса маңызды міндет екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазір күштік құрылымдар мен қылмыс әлемінің арасындағы күрес технологиялық тұрғыдан мүлде басқа сипатқа ие болды. Қарақшылар, яғни қылмыскерлер жасанды интеллектіні белсенді пайдаланатын болды. Құқық қорғау мекемелері, соның ішінде Қаржылық мониторинг агенттігі технологиялық тұрғыдан артта қалып қойса, бұл жағдай ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіруі мүмкін.
Қазіргі таңда қаржыны криптовалютаға айналдырып, шетелге шығару деректері азаймай отыр. Мұндай заңсыз әрекеттер ел экономикасына орасан зиян келтіреді. Соған қарамастан, бұл бағытта сотталғандар саны жоққа тән. Мемлекет басшысы агенттік қызметкерлеріне аталған мәселе бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз елімізді дамытуға арналған қаражатты тиімді жұмсаудың амалын іздеп қиналамыз. Бірақ соған қарамастан әлеуметтік салаға бөлінген триллиондаған теңге қаржыны жымқыратын алаяқтар бар, тіпті аз емес деп айтуға болады. Бұл – мүлде ақылға сыймайтын жағдай. Мұндай кеселді түп-тамырымен жою керек.
Президент: Әлеуметтік саладағы қаржылық тәртіпті орнату – бірінші кезектегі мәселе
Қазіргі таңда агенттік қызметкерлерінің тиімді әрі алаңсыз жұмыс істеуі үшін
барлық қажетті жағдай жасалып жатыр. Нәтиже де бар.
Жанат Элиманов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы:
500 миллиард теңгеден асатын айналымы бар 193 заңсыз қаржылық топ әшкереленіп, олардың қызметі тоқтатылды. Бұл шаралар көлеңкелі экономиканың көлемін 7 пайызға қысқартуға мүмкіндік берді. Жуырда ғана жалған стоматологиялық клиникалар арқылы зейнетақы қорынан 200 миллиард теңгеден астам қаржыны заңсыз алу схемасы әшкереленді. Сонымен қатар инфрақұрылымдық жобалар аясында 360 миллиард теңгенің мақсатсыз жұмсалуына жол берілмей, алдын алу шаралары қабылданды.
Дегенмен Президент қылмыстың салдарымен емес, себебімен күресудің маңыздылығын атап өтті. Бұл бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы алдымен әлеуметтік салада қалыптасқан қаржылық жағдайды ретке келтіру қажеттігін ескертті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әсіресе білім беру, денсаулық сақтау сияқты ұлт болашағына әсер ететін, үнемі халқымыздың назарында болатын маңызды салаларға баса мән берілуге тиіс. Осыған дейін де айтып өттім. Басты мақсат - бәрін жаппай тексеру емес, ел экономикасына қауіп төндіретін сын-қатерлерді дер кезінде анықтап, тиісті шаралар қабылдау керек. Шаш ал десе, бас алып, шектен шығуға болмайды.
Президент: Бизнеске заңсыз кедергі келтіру – мемлекет мүддесіне қарсы қылмыспен тең
Келесі маңызды мәселе – кәсіпкерлердің мүддесін қорғау. Мемлекет басшысы агенттіктің бизнес өкілдерімен жұмыс істеу тәсілін қайта қарауға шақырды. Алайда кәсіпкерлер тарапынан түсетін шағымдар әлі де азаймай отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ескертемін: егер әлгіндей мәліметтер расталса, заңға сәйкес жауапқа тартып, келтірілген шығынды өндіріп алу үшін қатаң шаралар қабылданады. Былтыр Агенттік тергеу жүргізген қылмыстық істердің 40 пайызы, яғни мыңнан астамы негізсіз деп тоқтатылған. Бұл жай ғана көрсеткіш емес. Осындай істердің салдарынан кәсіпкерлер шығынға ұшырайды, олардың іскерлік беделіне нұқсан келеді, еңбек ұжымдарының берекесі қашады. Мұның бәрі бизнестің дамуын тежейді, елдегі инвестициялық ахуалға зардабын тигізеді.
Сонымен қатар Президент қаржы пирамидалары мен алаяқтыққа қарсы күресті күшейтуді тапсырды. Агенттік алдында әлі де күрделі әрі маңызды міндеттер тұрғанын атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік борышын үлгілі атқарған бір топ қызметкерді мемлекеттік наградамен марапаттады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы