Тараздық тұрғын тотықұсты табыс көзіне айналдырып отыр
Қайтарымсыз грант ұтқан тараздық тұрғын тропикалық тотықұстарды асырап отыр. Сөйтіп 37 жастағы азамат аймақта мұндай кәсіп түрін ашқан алғашқы адам атанды. Құс шаруашылығын қолға алған азамат сан алуан тоты санын 200-ден асырған.
Нұржан Нұрмаханұлы былтыр шілдеде шағын кәсіппен айналысамын деп шешіп, құс асырауға қатысты жоба жасаған. Сөйтіп африкалық тотықұстарды көбейтемін деп мемлекеттен 1,5 млн теңге грант ұтып алады. Қазір оның құскепесінде Корелла, Амадина және Роззела Пенанта секілді тотысқұстың 10 түрі бар.
Нұржан Нұрмаханұлы, кәсіпкер:
Комиссия төрағасы тапсырғандардың ішінде ерекше идеялардың бірі деді. Сонымен мәз болып шықтым. Құс асырау менің хоббиім, осы хобби қосымша ақша алып келіп тұрса, тіпті жақсы ғой. Жем беру, астын тазалау, суын ауыстыру соның өзі – табиғат пен адамның арасындағы байланысты түзейді.
Тотылар тазалықты сүйеді, жылы әрі жайлы жерде қанат
қағады. Игі кәсіпті имек тұмсықтыларды асыраудан бастауына олардың тез
көбейетіндігі түрткі болған. Мәселен жұмыртқаны жарып шыққан ұсақ кореллалар
бір жарым айдан кейін, ал ірілері 2 айда толыққанды тотыға айналады. Олар бір
жылда 3 рет балапан басады.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Сұлулықты сипаттайтын «тотыдайын таранған» деген тіркес осы құстарға қарап айтылған. Мұндағы торларда 200-ден астам тропикалық тотықұс бар. Олардың алдында тары мен сұлы, құсхана жылы болса болды, көбейе береді.
Қазір құстары балапан басып жатыр. Көктемге қарай әр қайссын 2 мың мен 60 мың теңге аралығында саудаламақ. Жалпы былтыр қалада Нұржан секілді 215 тұрғын өз жобасын қорғап, 400 АЕК көлемінде грант ұтқан.
Ерғали Кембаев, қалалық Мансап орталығының директоры:
Қандай сомаға сатып алынатынын бизнес жоспарда көрсетеді ғой. 7 санатты азаматтарға бекітіледі. Яғни көпбалалы аналар мен әкелер, асыраушысынан айырылған азаматтарға, қандастарға, содан кейін атаулы әлеуметтік алушылар сияқты азаматтарға беріледі.
Биыл қайтарымсыз қаржы 1 млн 700 мың теңге көлемінде болмақ. Қаржы жоба жеңімпаздарына мамыр айында беріле бастайды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы