Басты Жаңалықтар БҚО-дағы Бірлік ауылында халық жылдар бойы күткен кірме жол салынды

БҚО-дағы Бірлік ауылында халық жылдар бойы күткен кірме жол салынды

Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданына қарасты Бірлік ауылында халық жылдар бойы күткен кірме жол салынды. Бұрын болмаған дәрігерлік амбулатория ашылып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар үшін жаңа баспана бой көтерді.

Бұл – бес жыл бұрынғы Бірлік ауылына кіреберіс жолдың бейнежазбасы. Ал қазір 15 шақырымдық жол тақтайдай тегіс. Жолаушы тасымалдаған Марс Ілиясов та осы жолда талай жүйкесін тоздырып, ат-көлігін аздырды. Былтыр халықтың жылдар бойы күткен мәселесі оң шешілді.

Марс Ілиясов, Бірлік ауылының тұрғыны:

Ауылда бұрын қыста жол қардан аршылмайтын әрі шұңқырлар болды. Көктем мезгілінде батпақтан қиындық көрдік. Қазір жол салынғалы жақсы болды. Тез жетіп аламыз. Ауылымыздың көркейгеніне қуаныштымыз.

Ауылдағы дәрігерлер бұрын әр есікті бір тоздырып, әр үйдің бұрышын паналап жүрген. Былтыр жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды. Жаңа ғимарат жарқырап тұр. Физио, жаттығу, ем-шара, акушер кабинеттері жаңа жабдықтармен қамтылған.

Назерке Бисенбаева, учаскелік мейіргер:

Бұрын өзімізде жеке мекеме болмады, басқа мекемелердің жарты бөлмесінде отырып жүрдік. Жабдықтар да қамтылмады. Жарық, жылудан көп қиналатын едік. Қазір іші толықтай заманауи құралмен жабдықталған. Жұмыс істеу өте ыңғайлы.

Ақтолқын Рамазанова, Бірлік ауылының тұрғыны:

Бұрын бөбекжайдың жанында болды. Қазір өз алдына бөлек ғимаратта. Емханамыз өзімізге ұнайды.

Бірлік ауылдық округінде 1600-дан аса адам тұрады. Орталығынан бөлек округке екі елді мекен, 45 қыстақ қарайды. Әлеуметтік нысандары жаңғырған. Жаңа тұрғын үйлер бой көтерген. Алдағы уақытта көпбалалы отбасыларға тапсырылады.

Ерболат Жақашев, Бірлік ауылдық округінің әкімі:

Еділбай қойы брендімен танылған ауыл боп келеміз. Үлкен Бірлік мал зауыты бар. 130 қызметкер еңбек етеді. Инвесторлар келіп жатыр ауылымызға. «Ақбұлақ» бағдарламасымен ауызсумен қамтылды. Газымыз бар. Жолымыз салынды.

Кірме жолдан бөлек ауыл ішіндегі бірнеше жолға асфальт жабындысы төселген. Атына заты сай бірлігі мен тірлігі біте қайнасқан ауыл ажары көз сүйсінтеді.

Бөлісу