Басты Жаңалықтар ДСМ: Медициналық туризмнің дамуы қарқынды

ДСМ: Медициналық туризмнің дамуы қарқынды

Соңғы он жылда медицина саласын қаржыландыру үш есеге өсті. Денсаулық сақтау министрлігі халықаралық ұсыныстарды ескере отырып, тоғыз клиникаға медицинадағы JCI алтын стандартын алған. Нәтижесінде Үндістаннан келушілер 40 есе, Қытайдан 24, Түркиядан келіп емделушілер  үш есеге көбейген.

Италиядан келген Филипетти Джузеппе катаракта диагнозы бойынша қос жанарына операция жасатты. 74 жастағы азаматтың екі көзіне де арнайы линза орнатылған. Мамандардың айтуынша, бұған дейін катарактаны емдеу кезінде науқастардың алыстан көру қабілеті ғана қалпына келтірілетін. Енді жаңа технологияның нәтижесінде емделуші қашық пен жақынды анық көре алады.

Филипетти Джузеппе, турист:

Көз аурулары институтын ұзақ зерттедім. Өзім секілді емделушілердің пікіріне сүйеніп келдім. Қазақстандағы мамандардың біліктілігіне тәнті болдым. Бағасы да айтарлықтай қолжетімді.

Көз ауруларын зерттеу институтында миопия, қасаң қабақ аурулары, глаукома мен катаракта секілді күрделі диагноздарға ем жасалады. Мұнда Орталық Азияда баламасы жоқ бірегей 3D операциялық жүйесі қолданылады.

Лұқпан Оразбеков, офтальмохирург, медицина ғылымдарының кандидаты:

Былтыр Германиядан, Чехиядан, Словакиядан, АҚШ-тан, Англиядан келген науқастар болды. Қолданатын көп зат АҚШ пен Батыс Еуропада жасалған. Яғни, қымбат, дегенмен бағасы тиімді.

Жасанды ұрықтандыру бойынша шеттен ем іздеп келушілер саны артып келеді. Бірқатар елде классикалық эко бағдарламасына ғана рұқсат етілсе, елімізде донорлық ұрық қолдану, суррогаттық ана бағдарламалары қолжетімді. 2024 жылы бір ғана орталыққа 40 ерлі-зайыпты жүгініпті. Былтыр бұл көрсеткіш 60 жұпқа жеткен. Келушілер саны бойынша Қытай алдыңғы орында, ал Ресей мен Қырғызстан алғашқы үштікті түйіндейді.

Амангелді Тотыкеменов, акушер-гинеколог:

Әлемдік статистикаға сүйенсек, эко бағдарламасының нәтижесі 40-45 пайыз деңгейінде. Осы клиникада жоғары дәлдікпен 76 пайызға дейін өсірдік. Жылына шамамен 600-700 эко бағдарламасын жасайтын болсақ, оның 100-150-і шетелдік пациенттер.

Мамандардың сөзінше, еліміздегі медициналық қызметтер баға жағынан әлдеқайда тиімді. Диагностикалық зерттеулер мен қан тамырларын қалпына келтіру АҚШ, Еуропа, Израильмен салыстырғанда бірнеше есе арзан. Ал еліміздің кардиохирургиясы – әлемдегі үздік 30 елдің қатарында.

Әсел Қыдаралиева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:

Роботтандырған құрылғылар арқылы операция жүргізу, гамма пышақ деген секілді біздегі хирургиялық бейімдегі операциялардың жоғары мамандандырылған көмектің дамуы алға қойылуда. Қазақстан аумағы өте кең. Оның шекаралас аумағында 1,62 млрд шетел азаматтары тұрады. Ең бірінші кезекте солардың келу мүмкіндігі артады.

Бұл бағыттағы мемлекеттік қолдау еліміздің медициналық туризмінің әлеуетін арттыруға сеп дейді мамандар.

Бөлісу