Деректерді өңдеу орталығы алқабын салу үшін 200 га жер бөлінді
Деректерді өңдеу орталығы алқабын салу үшін Павлодар облысы Екібастұз қаласының іргесінен 200 гектар жер бөлінді. Осылайша, базалық инфрақұрылыммен жабдықтау жұмыстары басталып кетті. Еліміздегі деректерді өңдеу орталықтарының біріктірілген кластерін жасақтау туралы Президент Қызылордада өткен құрылтайда тапсырма берді. 300 мега ваттық Екібастұз бассейініндегі жаңа дата-орталықта отандық кәсіпорындар ғана емес, шетелдік компаниялар да орналасады.
Деректерді өңдеу орталықтары алқабы. Бұл Павлодар облысы үшін ғана емес, тұтас мемлекет үшін тиімді жоба. Экономиканы әртараптындыру, жоғары технологияға негізделген өндіріс орындарын ашу, еліміздің сандық экономикасын интеграциялаудың жаңа мүмкіндігі. Қазір Екібастұздың іргесінен 200 гектар жер бөлініп, базалық инфрақұрылыммен жабдықтау жұмыстары басталды.
Сабина Мейрам, Сандық технологиялар басқармасының бөлім басшысы:
Деректерді өңдеудің жаңа орталығында шетелдік және аймақтардағы Айти компаниялардың есептеу қуаттылығы орналасады. 200 гектар алқапта орналастындықтан тұтыну қуаттылығы да аса зор. Мәселен энергетикалық қуаттылығы 300 мега ват болады. Бұл осы жерде цифрлық майнинг өндіруге мүмкіндік береді.
Деректерді өңдеу алқабы 2027 жылы дайын болмақ. Бұл ретте Президент елімізде атом электр станцияларының салынғанын күтпей, электр қуатын өндірудің басқа да мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды. Себебі, дата орталықтардың энергия тұтыну мүмкіндігі алып металлургиялық комбинаттармен пара-пар. Бұл ретте Екібастұз МАЭС-2 стансасын толық қуатында іске қосу үшін қосымша энергоблокпен жабдықталады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Екібастұздағы 3-ГРЭС жобаларының техникалық құжаттамасын дайындауды аяқтау керек. Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеп, үкіметке енгізесіз.
Себебі, энергетикалық сектордың дамуына дем беретін Екібастұздың көмірі. Елімізде өндірілетін энергияның 40 пайыздан астамын беріп отырған Екібастұздағы мемлекеттік және аймақаралық энергия стансалары осы қаланың іргесінен қазылатын қара көмірмен жұмыс істейді. Нақты айтқанда тасымал шығынынсыз көмірді жағу арқылы алынатын қуат өндірудің тиімділігі орасан. Болжамға қарағанда өңірде алдағы 300 жылға дейін сарқылмайтын көмір қоры бар. Бұндай қара отын кеніші мен электр энергиясын өндіретін өндіріс орындары әлемде аз.
Серік Батырғожинов, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
Екібастұз аумағында 1,5 мың мегаваттық жел электрстансасын салу жоспарланып отыр. Сол арқылы біз энергокешендерінің қуат өндіру күшін 8 мың 542 мегаваттан 13 мың 977 мегаватқа дейін ұлғайтуды жобалап отырмыз. Бұл Павлодар облысының қуат өндірудегі үлесі 50 пайызға жетеді деген сөз.
Екібастұздағы қуат өндіруші стансаларды заман талабына сай модернизациялау арқылы ел үкіметі жаңа жобаларды да іске қоспақ. Бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін Үкімет жол картасын әзірледі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы