Басты Жаңалықтар Президент: Күштік құрылымдарға бірыңғай цифрлық экожүйе қажет

Президент: Күштік құрылымдарға бірыңғай цифрлық экожүйе қажет

Күштік құрылымдарға арналған бірыңғай цифрлық экожүйе жасалуы тиіс. Бас Прокуратурада өткен жиында Президент құқық қорғау жүйесіндегі цифрландыру барысын сынға алды. Мемлекет басшысы жаңа дәуірде барлық салаға жасанды интеллектіні енгізу ісін белсенді түрде қолға алу қажеттігін айтты. Ал Заң мен Тәртіп мемлекеттік саясатымыздың негізгі қағидаты ретінде қабылданып, оны жаңа Конституцияға міндетті түрде енгізу қажет деді. Сонымен қатар Президент азаматтардың дербес деректерін қорғау мәселесіне назар аударды. Мұндай жағдайлар жиілеп кеткен. Осыған байланысты киберқылмыспен күресті күшейтуді тапсырды. Оған қарсы тәсілдерді түбегейлі қайта қарау қажет екенін айтты. Президенттің сөзінше, қазір интернеттегі алаяқтық қылмыстардың бестен бірі ғана ашылады. Жиында көші-қон үдерістерін жаппай цифрландыру мәселесі де қозғалды. Елге келген шетел азаматтарын уақытылы есепке алып, олардың жүріс-тұрысын бақылайтын техникалық құралдарды жетілдіру міндеті қойылды. Бұдан бөлек Президент әлеуметтік желіде ақпарат тарату кезінде заң талаптары ескерілуі қажет дейді. Деструктивті контентті таратудың құқықтық салдары жөніндегі түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізуді жүктеді. Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау жүйесіндегі цифрландыру үдерісі әр жерде әрқалай жүргізіліп жатқанына ескерту жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әр мекеме цифрлық жүйесін өз бетімен дамытуда. Бұл шаруа жүйесіз жүргізіліп жатыр. Біртұтас жүйе жоқ. Мысалы, кейбір органдар цифрлық тәсілдерді ұтымды қолданып жұмыс істеуде. Ал кейбірі дұрыс амал-тәсіл таба алмай, қыруар қаржы жұмсап жүр. Бұл басқа сөзбен айтқанда, нағыз жымқыру. Сондықтан қаражатты орынсыз жұмсап, жаңа дүние жасаудың қажеті жоқ. Үкіметке қолданыстағы барлық цифрлық шешімдерді саралап, тексеріп, олардың тиімділігін арттыруды тапсырамын. Күштік құрылымдарға арналған түсінікті құрылымы бар және технологиялық стандарттары біркелкі бірыңғай цифрлық экожүйе жасалуға тиіс.
Бөлісу