Басты Жаңалықтар Қарағанды облысында азық-түлік бағасы бақылауға алынған

Қарағанды облысында азық-түлік бағасы бақылауға алынған

Қарағандыда фермерлер өз өнімдерін делдалсыз, арзанға сататын әлеуметтік павильондар саны артуда. Бұл сауда орындарындағы ет, сүт өнімдері мен көкөністің бағасын реттеуге мүмкіндік береді. Мәселен, былтыр қымбатшылықтың алдын алу үшін халыққа 330 тоннадан астам қант және 900 тоннадан астам картоп сатылған.

Жаңадан ашылған әлеуметтік дүкенге келушілердің қарасы қалың. Мұнда жұртшылық азық-түлік бағасын нарықтан орта есеппен 10–15% арзанға алды. Мысалы, сиыр еті мұнда 3700 теңге болса, базарда ол 4500 теңге тұрады. Сүт өнімдері мен көкөніс, жемістің де бағасы қолжетімді.

Роза Ысқақова, Қарағанды тұрғыны:

Қымбат емес, орталықтағы дүкеннен арзан. Екі жүз теңге, жүз теңге  айырмашылық бар. Орталыққа барып жүргеннен үйдің қасынан ала қоямыз.

Кеншілер шаһарында төрт әлеуметтік дүкен бар. Облыста азық-түлік бағасы қымбатшылығының алдын алу үшін тұрақтандыру қорының қоймаларында 452 тонна өнім сақтаулы тұр. Мысалы, қарақұмықтың 68 тоннасы, 48 мың литр күнбағыс майы, 254 тонна қант бар. Одан бөлек көктемге дейін жеткілікті қор қалыптасқан. Ал мұндай дүкендер қарапайым фермерлерге өте тиімді көрінеді.

Алмас Исабеков, фермер:

Бұл дүкенде, мысалы үшін, біз аренда төлемейміз, коммуналдық төлем төлемейміз. Оны Үкімет өзінің мойнына алып отыр. Бізге тек төмен бағамен жұмыс істеу керек. Жылқы өсіреміз, қой өсіреміз, сиыр бар, өзіміздің мал бордақылау алаңдарымыз бар.


Бөлісу