Басты Жаңалықтар Шымкенттегі университеттен ₸321 миллион ұрлаған

Шымкенттегі университеттен ₸321 миллион ұрлаған

Шымкентте М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды. Күдіктілер қатарында бұрынғы бірінші проректор, қаржы және әкімшілік департаменттерінің директорлары, өндірістік-техникалық бөлімнің қойма меңгерушісі мен мердігер ұйымдардың басшылары бар. Тергеу дерегінше, олар тауарларды іс жүзінде жеткізбей немесе бағасын жасанды түрде өсіріп, жалған мемлекеттік сатып алу шарттарын рәсімдеген. Қаражат жеке кәсіпкерлер мен коммерциялық ұйымдардың шоттарына аударылып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған. Қылмыстық схема аясында нарықтық құны 200 мың теңгеден аспайтын бір орындық 20 миллион теңгеге сатып алынған. Салдарынан мемлекетке 321 миллион теңге көлемінде залал келген.

Ернар Тайжан, ҚМА ресми өкілі:

Тергеу барысында күдіктілер 264 млн теңгені ерікті түрде өтеді. Соттың санкциясымен олардың мүлкіне – 4 тұрғын үйге, 1 автокөлікке және банктік шоттардағы 40 млн теңге көлеміндегі ақшалай қаражатқа тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.


Бөлісу