Ұлыстың ұлы мерекесі Еуропа төрінде де тойланды. Еліміздің Бельгиядағы елшілігінің ұжымы әз-Наурызды бар сән-салтанатымен атап өтті. Мерекеге дипломаттардың отбасыларымен бірге шетелдік меймандар да қатысып, қазақтың қуанышына ортақтасты.
Ел мен елді елдестіретін дипломаттар ұлық мерекеге тыңғылықты дайындалыпты. Бірі би билеп, күйсандықта ойнаса, енді бірі жиналғандарға әннен шашу шашты. Мерекелік концертте елшілік қызметкерлерінің жұбайлары мен балалары да белсенді өнер көрсетті.
Әйгерім Мұхамедғалиева, Қазақстан азаматы:
Барша қазақстандықтарды 22-наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа жыл отбасыларына тек қана бақыт, дастархандарына құт-береке әкелсін. Жанұяларына тыныштық тілеймін.
Алмас Әбжанов, Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінің атташесі:
Көктемнің жылы лебімен келген Наурыз мерекесімен барлық отандастарымызды құттықтаймын. Тілейтінім тек қана зор денсаулық, ашық аспан, Қазақстанның дамуын тілеймін.
Концерттен соң көпшілік қол күрес, арқан тартудан өзара сайысқа түсті. Аға буын өкілдері өскелең ұрпаққа ұлттық ойындардың тарихы, салт-дәстүр, әдет-ғұрып жайлы әңгімеледі. Қазақтың салты бойынша, тойға келген шетелдік меймандарға бір-бір шапан кигізді. «Орамал тон болмайды, жол болады».
Джозеф Лебон, Қазақстанның Бельгиядағы Құрметті консулы:
Қазақстан - әлемдегі ең әдемі мемлекеттердің бірі. Елдеріңізде 8-рет болдым. Шымбұлаққа бардым, тауға шықтым. Табиғаты ғажап, мәдениеті бай, халқы өте қонақжай. Ол жақтан көптеген достар таптым. Барша қазақстандықтарға береке-бірлік тілеймін. Наурыз құтты болсын!
Қазақтың қазысы мен бауырсағы, құрты мен ірімшігі бүгінде еуропалықтардың да сүйікті асына айналған. Бүгін меймандар Наурыз көжеден де дәм татты. Мейірім мен молшылықтың, жаңару мен жасампаздықтың мерекесін бұдан былай бельгиялықтар да қазақпен қосылып тойлауға құлшынып отыр.
Нұрсұлу ҚАСЫМ