Басты Жаңалықтар Президент ұлттық құрама мүшелеріне мемлекеттік туды табыстады

Президент ұлттық құрама мүшелеріне мемлекеттік туды табыстады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрама мүшелеріне мемлекеттік туды салтанатты түрде тапсырды. Бұл рәсім спортшыларға деген сенім мен артылған жауапкершілікті айқындай түсті. 

Мемлекет басшысы көк туымызды Ұлттық құрама спортшылары Денис Никиша мен Аяулым Әмренова, сондай-ақ Қазақстан паралимпиадалық командасының мүшесі Ербол Хамитовке табыстады. Президент бұл сайыс дүние жүзінің ең үздік спортшылары бақ сынайтын аса маңызды байрақты бәсеке екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Олимпиада ойындарына 40-қа жуық спортшымыз қатысады. Олар спорттың 10 түрінен жарысқа түседі. Ұлттық құрама мүшелерінің жартысынан көбі Олимпиадаға алғаш рет бара жатыр. Сонымен бірге біз Паралимпиада ойындарында ел абыройын қорғайтын спортшыларымызға зор сенім артамыз. Паралимпиадашылардың ерекше құлшынысы және мықты ерік-жігері көпке үлгі. Наурыз айының басында Италияда өтетін Паралимпиада ойындарына әзірге 10 лицензия алдық. Лицензия саны әлі де көбеюі мүмкін.

Мемлекет басшысы қазақстандық спортшылардың төрт жылда бір өтетін әлемдік додаға тыңғылықты дайындалғанын айтып, Қысқы Олимпиада мен Паралимпиадада нағыз мықтылар сынға түсетінін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Олимпиада чемпионы болу – әр спортшының арманы. Осы мақсатқа бір табан жақын тұрсыздар. «Ел сенімі – ерге жүк» дейді халқымыз. Баптарыңыз және бақтарыңыз қатар шауып, жүлдемен келесіздер деп сенемін. Барша халқымыз Сіздерге жанкүйер, тілекші болады. Бәріңізге сәттілік, жеңіс тілеймін! Көк Туымыз әрдайым биікте желбірей берсін!

Кездесу барысында ұлттық құрама мүшелері президентке алғысын білдіріп, ел намысы үшін аянбай тер төгетіндерін айтты.

Денис Никиша, шорт-тректен ұлттық құрама капитаны:

Олимпиадалық команда атынан туды алып шығу мен үшін үлкен жауапкершілік және сенім. Көк байрағымыздың астында Олимпиада аренасына  тұтас Қазақстанның атынан шығатынымды жете түсінемін. Бүкіл команда атынан қолдауыңыз бен сеніміңіз үшін сізге алғысымды білдіремін.

Ербол Хамитов, пара биатлоннан ұлттық құрама мүшесі:

Мен үшін көк туымызды алып шығу және Қазақстанның намысын қорғау үлкен мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Менің мақсатым паралимпиада ойындарында көк туымызды биікке көтеріп, әнұранымызды шырқату.

Мемлекет басшысы әлемдік ареналарда топ жарған отандық спортшыларды мысалға келтіріп, алдағы жарыстарда да жарқын жеңістер күтіп тұрғанына сенім білдірді.


Бөлісу