Басты Жаңалықтар Жекеменшік мектеп басшылары мемлекет қаражатын өз пайдасына жұмсаған

Жекеменшік мектеп басшылары мемлекет қаражатын өз пайдасына жұмсаған

Елдегі жекеменшік мектептердің кейбірі мемлекет қаржысын жымқырған. Соңғы 5 жылда жеке мектептер саны 4 есе, ал ондағы оқушылар саны 6 есе өсті. Алайда, санның артуы білім сапасының көрсеткіші болмай тұр. Бюджет қаржысы баланың біліміне емес, құрылтайшылардың жеке мүддесіне жұмсалып келген. Бұл деректер Үкімет жариялаған аудиторлық тексерістің алдын-ала нәтижесінде белгілі болып отыр.

Биыл жеке мектептерді қаржыландыруға бюджеттен 248 миллиард теңге бөлінді. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 20 есе көп. Ақша көбейген сайын, заң бұзушылықтар да еселенген. Аудиторлық тексеріс жаға ұстатарлық жайттарды ашты.

Мәди Такиев, ҚР Қаржы министрі:

2023-24 жылдары 116 адам ел аумағынан 895 жылжымайтын мүлік сатып алған. Бұлардың барлығы жеке мектептердің жетекшілері мен құрылтайшылары. Сондай-ақ 66-сы 192 қымбат көлік алған. Бір ғана құрылтайшы 76 жылжымайтын мүліктің иесі атанса, тағы бірі 69 нысанды сатып алған.

Бүгінде Қазақстанда 878 жекеменшік мектеп бар. Онда 32 мың оқушы ақылы білім алып жатыр. Бұған дейін бұл сала бақылаусыз болып келген. Салдарынан деректерді бұрмалау мен мемлекет қаржысын жымқыру жаппай сипат алды. Айталық, қаржыландыруды жасанды түрде арттыру үшін орын санын асыра көрсету, салықты бұрмалау, ғимаратқа жаңарту жүргізу сияқты негізсіз фактілер анықталды.

Агроөнеркәсіп кешенінде көлеңкелі схемалар әшкереленді

Көлеңкелі схемалар агроөнеркәсіп кешенінде де әшкереленді. Аудит нәтижесіне сәйкес соңғы екі жылда заңбұзушылықтың жалпы көлемі 300 млрд теңгені құрады. Әсіресе, шаруаларды субсидиялау, инвестициялық жобаларды жүзе асыру, микронесие беру кезінде өрескел бұзушылықтар анықталды. Мәселен, 11 өңірде субсидия алушылар арасында 808 млн теңгеге бір ірі қара малды қайта-қайта жалған сату деректері тіркелген. Жымқыру фактілері бар барлық құжат құқық қорғау органдарына берілді.


Бөлісу