Алматыдағы мектепте ЖИ зертхана ашылды
Алматыдағы №174 мектеп-гимназия базасында Жасанды интеллект зертханасы ашылды. Наурызбай ауданындағы білім ордасында құрылған орталық Мемлекет басшысының 2026 жылды жасанды интеллект жылы деп жариялауына байланысты жүзеге асқан. Мектептен арнайы кабинет бөлініп, барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтылған. Жасанды интеллект құралдарының өнімділігін арттыру мақсатында жылдық жазылымдар жағы да қарастырылған. Мақсат - оқушылардың цифрлық әлеуетін арттырып, жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалануға баулу, - дейді мамандар.
Индира Дүйсебекова, Наурызбай аудандық білім бөлімінің әдіскері:
Бастауыш сынып оқушыларынан бастап жасөспірім оқушыларға дейін осы жасанды интеллект бойынша өз шығармашылықтарын дамытып, сыни тұрғыдан ойлауға және жан-жақты табыстарға жету үшін осы жасанды интеллект бойынша өз жұмыстарын көрсетуде. Себебі балаларды әлемдік деңгейге жеткізу үшін осындай жасанды интеллектпен жұмыс жасау маңызды деп ойлаймын.
Зертханада оқушыларға анимациялық мультфильм жасап, оны кәсіби деңгейде дубляждап, платформаға жүктеуге мүмкіндік бар. Ұстаздар да оқу процессіне жасанды интеллект құралдарын кіргізу арқылы сабақты қалай қызықты өткізуге болатынын меңгереді. Сондай-ақ, мектептің чат-боты арқылы сабақ кестесін біліп, әкімшілікке сұрақ, ұсыныстарын жолдай алады. Жасанды интеллект орталығында дайындалған өнімдер мектеп қабырғасындағы экрандардан көрсетіліп, YouTube платформасына жүктеледі.
Әбдірахман Қайрат, мектеп оқушысы:
Біздің білім ордамызда жасанды интеллект зертханасы ашылып жатқаны оқушы ретінде бізді қуантады. Өйткені, қазір заман талабына сай біз жаңа дүниелерге бейімделуіміз керек. Мәселен, жасанды интеллектіні біз игермей, шеттетіп, ой керек емес деп жүре беретін болсақ біз заманнан қалып қаламыз. Заман ағымына қарай бейімделетін болсақ біз еліміздің дамуына үлесімізді қоса аламыз деп ойлаймын.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы