Басты Жаңалықтар Тараздағы әскери мектеп-интернатқа 180 бала қабылданды

Тараздағы әскери мектеп-интернатқа 180 бала қабылданды

Таразда Президент тапсырмасы бойынша бір ай бұрын ашылған әскери мектеп-интернатқа 180 бала қабылданды. Жас жеткіншекті «жауынгер» қылып шығаратын мамандандырылған білім ұясы оңтүстік аймақта алғаш ашылған салалық мектеп саналады.

Жыл басынан 7-8-9 сынып оқушыларына конкурс жарияланып, еліміздің түкпір-түкпірінен курсанттар қабылданды. Әуелі балалар алған білімі бойынша тест тапсырса, екінші кезеңде физикалық сынақтан өтті. Жас кадеттер жатақхана және тегін тамақпен қамтылған. Мектепте жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер мен ағылшын тілі тереңдетіп оқытылады. Ал әскери өмірдің әліппесі ретінде саптық дайындық пен қоян-қолтық айқасқа машықтанады.

Ернұр Дүйсебай, кадет:

Ауылдан көп жақтан келді. Маңғыстаудан келген балалар бар. Әр жақтан келді. Сарысу ауданынан келгендер бар. Мен де өзім Бұрыл ауылынан келдім. Ауыл балаларына үлкен мүмкіншілік берілген. Біз осы мектепті бітіргеннен кейін жоғарғы әскери оқу орындарына түсе аламыз.

Курсанттар әскери білімнен бөлек IT саласын да үйренеді. Өйткені мұнда жасанды интеллект, дрон ұшыру мен робототехника үйірмелері бар. Жақында  әскери мектеп-интернатқа халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының есімі берілмек. Бірегей мектепке батыр есімін беруді мемлекет басшысы ұсынған болатын.

Әлішер Әзімбай, мамандандырылған әскери мектеп-интернат директоры:

Қабылданатын оқушылардың 15%-на мынау әлеуметтік осал топтан шыққан отбасылардың балаларына жеңілдік қарастырылған. Яғни көпбалалы отбасынан шыққан, сондай-ақ ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар бізге конкурстық негізде бірақ жеңілдік арқылы қабылданады.


Бөлісу