Басты Жаңалықтар Қостанайда «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша квота саны артты

Қостанайда «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша квота саны артты

Қостанай облысында соңғы төрт жылда «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқасында 400-ге жуық бала дүниеге келді. Ал биыл бөлінген квота саны едәуір артты. Барлығы 261 отбасы балалы болуға мүмкіндік алады. Алайда мәселе тек мемлекет берген көмекпен шешіле ме? Бедеулік неге белең алып барады? Мәдина Нағашыбай зерттеп көрді. 

Виктория үшін баланың шаттығы мен сыңғыр күлкісінен асқан бақыт жоқ. Әр жылын үмітпен жалғап, ақыры жеткен 10 жылдан кейінгі қуаныш бәрінен қымбат. Екі рет бала көтергенімен, ана болу бұйырмапты. Дәрігерлер нақты диагноз қоймаса да, кінәрат жатыр түтігінен екенін айтқан. Сондықтан 2021 жылы жолдасы екеуі экстракорпоральды ұрықтандыру жолын таңдайды. Ал бүгінде ол бір емес, егіз бала Ярослав пен Есенияның анасы.

Виктория Ткаченко, Қостанай қаласының тұрғыны:

Консультацияға барған кезімде күмәнім болғаны рас. Себебі мемлекеттік квота алудың машақаты көп деп ойладым. Бірақ жылдың соңы болса да мені бірден кезекке қойды. Ал екі айдан соң квотаға іліктік. Қажет сараптамаларды тапсырып, көктемде процедураға Астана қаласына келдім. Тура бір жылдың ішінде ана атану бұйырды.

Былтыр Қостанай облысына «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 203 квота бөлінген. Оның әзірше 20 пайызына жуығы сәтті аяқталды. Ал 102 әйел аман-есен босанып, баласын бауырына басты.

Әсел Файзуллина, Қостанай облыстық ауруханасының ЭКҰ бойынша штаттан тыс бас маманы:

Биыл бөлінген квота саны артты. Ал кезекте тұрған аналардың саны азайып келеді. Былтыр 400-ден аса азамат бағдарламаға ілігуге үмітті болса, биыл олардың саны 300-ден төмен. Яғни көбі көптен күткен нәтижеге қол жеткізіп отыр. Ал биыл 5 қаңтарға дейін кезекке тұрған әйелдердің барлығы квотаға ілігіп, ЭКҰ жасатады.

Бедеуліктің бірнеше себебі бар. Әйелдер арасында жатыр түтігінен, жатырдың өзінен, овуляцияның жоқтығынан немесе эндокринді жүйенің бұзылуынан болады. Алайда диагноздың 40 пайызы ерлерге де қойылады.

Антон Кистанов, Қостанай облыстық ауруханасының уролог-андрологы:

Бұл жердегі мәселе - ер адамдардың көбіне құлықсыз болуы. Сондықтан бар салмақты әйелге салып жатады. Жалпы ерлердің процедура үшін тапсыруы тиіс зертханалық талдау саны төртеу ғана. Алайда соның өзін тапсырудан бас тартатындар бар. Ал дерттің ең негізгі себептері күйзеліс, қабыну процестері және көбіне венерологиялық аурулар.

Ал бұл облыстағы «Дельфин» сәбилер үйі. Туғаннан тастанды атанған нәрестелер  3 жасқа дейін осы мекемеде тәрбиеленеді. Бүгінде мұнда 28 бала бар.

Жақсылық Өтебаева, Қостанай облыстық «Дельфин» сәбилер үйінің бас дәрігері:

Сәбилер үйінде орналасқан балалардың көбінің ата-аналары бар. Бірақ олар құқығынан айырылған ата-аналар немесе шектелген және де өздігінен бас тартқан ата-аналардың балалары орналасқан. Ата-анасы бас тартқан балалар саны 2023 жылы 4 бала, 2024 жылы 9, ал 2025 жылы 3 бала.

Жалпы өңірде ата-анасының жауапсыздығынан мемлекеттің қамқорлығына өткен 1500-ге жуық бала бар. Сәби сүюді аңсаған отбасы былтыр соның төртеуін асырап алған.


Бөлісу