Басты Жаңалықтар Газ қоры мен ресурстық базаны ұлғайту қолға алынды

Газ қоры мен ресурстық базаны ұлғайту қолға алынды

Энергетика саласындағы тағы бір маңызды мәселе - газ өндірісі. Қазақстанда газ экспорты 18 пайызға артқанымен, жаңа кен орындарын игеру ісі ақсап тұр. Құрылтайда сөз сөйлеген Президент бұл жоспарлаудың тиімсіздігін көрсетеді деп жауапты компанияларды сынға алған еді. Мемлекетке иек артпай, инвесторлар есебінен геологиялық барлау жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Бұл - кезек күттірмейтін проблема, өйткені жылдам шешілмесе, «ресурстық тапшылық» қаупі бар дейді сарапшылар. Айжан Иманғали тарқатады.

Газ саласы – ел экономикасы үшін негізгі стратегиялық бағыттардың бірі. Қазақстандағы газдың басым бөлігі ілеспе газ, көбінесе мұнаймен бірге өндіріледі. Президент жақында өткен Құрылтайда жаңа кен орындарын ашу мен игеру баяу деп жауапты ұйымдарға сын артты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«QazaqGaz» басшылығына меншікті қаражат есебінен де, инвесторларды тарту арқылы да перспективалы учаскелерді игеруді бастауды тапсырамын. Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп геологиялық барлау жұмыстарын жандандыруды, жаңа кен орындарын игеруді қамтамасыз етуді, сондай-ақ газ өңдеу жөніндегі ірі жобалардың уақтылы іске қосылуына бақылауды күшейтуді тапсырамын.

Сарапшылар жаңа ірі кен орындарының игерілмеуіне бірнеше себеп бар дейді. Әуелі, инвестициялық тартымдылықтың төмендігі, көгілдір отынды жер астынан шығару және тазарту құны оны сату бағасынан жоғары болуы, кадр тапшылығы және инфрақұрылым мәселесі.

Еркебұлан Салкен, мұнай-газ сарапшысы:

Ол үшін сіз барлап қана қоймай, жер астында осыншама газ бар дегеннен кейін сол жерге инфрақұрылым әкелу керексіз. Мұнай құбырын салу керексіз, газ өндіретін зауыт салу керексіз , сондай шығыны көп нәрсе. Сондықтан ондай жұмыстарды алдын ала дайындық жұмыстарын жасау керек.

Геологиялық барлау жұмыстарының күрделілігі де жаңа учаскелерін игеруді қиындатып тұр. Бұрғылау қымбат әрі жоғары технологияларды қажет етеді.

Елтай Әлиев, ҚР Энергетика министрлігі Газ өнеркәсібі департаментінің директоры:

Бұрғылау жұмыстары қиын. Білесіз енді, әр жұмыста инвестиция. Өзіндік құны газдың 40 мың теңге болатын болса, алайда орташа ішкі нарықтың бағасы 25 мың теңге. 1000 текшеметрге. Қалған жетпей тұрған жағын Қазақгаздың өзі субсидиямен айналысып жатыр.

Министрлік өкілінің сөзінше, елде газ тапшылығы жоқ. Тек қыс уақытында тұтыну деңгейі көбейіп, газ құбырларының жұмысына түскен салмақтан маусымдық тапшылық туындайды. Қазақстанда көгілдір отынды өңдейтін 19 зауыт бар. Қазір тағы қосымша Қашаған, Қарашығанақ, Жаңаөзенде 4 ірі зауыт құрылысы жүріп жатыр. Осылайша, шикі газды өңдеудің жалпы көлемін 8,4 миллиард текше метрге дейін арттыру көзделген.

Айжан Иманғали, тілші:

Премьер-министр Олжас Бектенов Энергетика министрлігі мен «Самрұқ-Қазына» қорына мұнай мен газдың жаңа кен орындарын игерудің жоспарын әзірлеуді тапсырды. Және оған тура бір ай уақыт берді. Газдың ресуртстық базасын ұлғайтамыз деген министрлік геологиялық барлау портфелін 30 учаскеге дейін кеңейтпекші. Инвестиция көлемі, іске асу мерзімі әзірге айтылмады. Бүгінде елде газ барлау жұмыстары жер қойнауының 14 учаскесінде жүргізіліп жатыр.


Бөлісу