Әскер сапындағы сегіз қырлы сарбаздар
Тараздағы Ұлттық ұланның сарбаздары сапында 7 елдің тілін білетін полиглот та, спорт шебері де бар. Қаламын қаруға айырбастаған журналис те, спорт шебері де Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Сегіз қырлы жауынгерлер жайлы Жамбылдағы тілшіміз Данияр Әлімқұлдың бейнематериалы.
Бұл ағылшынша ағып тұрған сарбаздар 5513 әскери бөлімінде борышын өтеп жүр. Түркістан облысы, Сайрам ауылының тумасы Бахтиярхан Тұрсынходжаев жуырда әскери өмірдің әліппесін аяқтады. Артынша, бөлім басшылары қабілетіне қарап, қатарымызда қалдыруға асықтық, дейді. Сөйтіп полиглот жігітке келісімшарт ұсынған. Өйткені 22 жастағы жігіт 7 елдің тілін біледі. Әскерге дейін Еуропаның 10 елін аралап, тіл білуге деген құлшынысы оянған.
Бахтиярхан Тұрсынходжаев, 5513 әскери бөлімінің келісімшарт бойынша саперы:
Әкемнің жағынан әзербайжан қаны болғандықтан маған әзербайжан, түрік тілдерін үйрену қиын болған жоқ. Анам жақтан өзбек болғандықтан өзбек тілін білемін. Қазақ тілін мектепте үйрендік, өзіміздің мемлекеттік, ана тіліміз болғандықтан қазақ тілін бәрі білуі керек деп ойлаймын. Француз және испан тілін күшейту мақсатында қазір мен курстарға барып жатырмын. Осы сала бойынша әскери өмірде жүру мақсатым бар.
Ал алматылық Бақытжан Тыныбеков 5 тілді біледі. Қазақ, орыс, ағылшын, неміс және кәріс тілінде еркін сөйлейді. Бексұлтан Наурызұлы болса кәсіби хореограф. Нұрдәулет Ахмет 7 жасынан грек-рим күресімен айналысады. Облыс пен республиканың бірнеше дүркін чемпионы, спорт шеберіне үміткер. Ал қызылордалық Нұртілеу Әли журналист. Алғашқы еңбек жолын «Сыр дидары» газетінде бастап, кейін әскерге баруға бел буған.
Нұртілеу Әли, сарбаз:
Алдағы 1 жыл уақытымда осы әскери өмірді кеңінен зерттеп, қызығы мен шыжығын, елге көрсететін, жазатын журналист болғым келеді. Тек осы бір орында қалып қоймай, әлемдік деңгейдегі журналистермен тәжірибе алмасып, өзге елдердегі, өзге ұлттардағы әскердің жағдайы қалай, бізде қалай, салыстыра отырып, кем-кетігін, алатын тұстарын халыққа бергім келеді.
Әскерилер өнерлі өрендердің көзіндегі отын сөндірмей, шығармашылығын шыңдауға жағдай жасап отырмыз дейді. Сондай-ақ, биыл бөлімде би, көркем өнерпаздар мен көркем сөз оқу үйірмесі ашылған.
Алтынбек Сарсимов, ҚР Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімінің бөлімше бастығы:
Біз әскер қатарына шақырылған сарбазды тек қана әскери қызмет, жауынгерлік қызметке ғана бағыттамаймыз. Мұны шығармашылық тұрғыда да, өзінің икеміне байланысты азаматтық өмірде де бастаған шаруаларын аяқтауға мүмкіндік жасаймыз.
Әскерде өнерлі жастардың болуы – бір жағынан борышын өтеуге барлық жігіт баруға тиіс дегенді білдірсе керек. Олардың Отан алдындағы қызметі – өз өнері мен жұмысын желеу етіп, қару ұстаудан, қасиетті парызынан қашқақтайтындарға үлгі. Ал әрбір жас Отаны мен отбасын қорғауға қабілетті болуы тиіс.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы