Екі мыңға жуық жазасын өтеуші жұмыспен қамтылды
Қарағанды мен Ұлытау облыстарындағы түзеу мекемелерінде екі мыңға жуық жазасын өтеуші жұмыспен қамтылды. Колония аумағында 59 кәсіпорын бар. Олар өндірістік цехтарда киім тігіп, металл бұйымдарын жасап, саңырауқұлақ өсірумен де айналысады.
Долинка кентіндегі №30 түзеу мекемесіндегі мына саңырауқұлақ цехы бірнеше жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Өнім өңірдегі дүкендер мен базарларға тұрақты түрде жеткізіледі. Цехта алты адам еңбек етеді. Олар тапқан табысының бір бөлігімен талап-арыз бойынша қарызын өтеп жүр. Бұл алдағы уақытта шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуына мүмкіндік береді.
Руслан Ким, жазасын өтеуші:
Түзеу мекемесінде отырған 13 жылда пластик терезе жасауды, кірпіш құюды, саңырауқұлақ өсіруді, жарықдиодты шамдар құрастыруды, ағаш өңдеуді үйрендім. Мұның барлығы ертең өзім үшін керек дүниелер. Жұмыс істеген кезде уақыт та тез өтеді, ең бастысы- іштей тоқырау болмайды.
Қарағанды мен Ұлытау облыстары аумағында 10 түзеу мекемесі бар. Онда тігін цехы, сыпырғыш, есік, баспалдақ, темірбетон бұйымдары, полимер плиталар өндірісі бар. Жалпы қос облыстағы түзеу мекемелерінде шамамен бес мың адам жазасын өтеп жүр. Олардың екі мыңға жуығы жұмыспен қамтылған. Орташа жалақы 85 мың теңге. Табысымен талап-арыз бойынша қарызын, алиментін өтейді. Қалғанын туыстарына немесе өзінің арнайы шотына жинауға болады.
Жүніс Әбдіқайыров, Қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары:
Оларды осы жұмысқа тарта отырып, өздерінің сотпен белгіленіп берілген атқару құжаттары болса, олар жеке тұлғаға болуы мүмкін, заңды тұлғаға болуы мүмкін және мемлекет пайдасына өндіру керек атқару парақтары болатын болса, соларды өндіріп және еңбек арқылы тәрбиелеп қайтадан қоғамға қосу.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы