Бозжыра шатқалында 4 инвестжоба жүзеге асырылуда
Маңғыстау – туристердің келуі бойынша елімізде алғашқы үштікке енді. Былтыр тоғыз айда аймаққа 350 мыңнан астам адам келген. Туристердің басым бөлігі өңірге «Бозжыра» шатқалын көру үшін ат басын тірейді. Саяхатшыларға жағдай жасау үшін бүгінде аталған туристік аймақта 4 бірдей инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Қытайлық Зи Чжэн мен Кай Чжэн Маңғыстауға аты әлемге әйгілі «Бозжыра» шатқалын көру үшін арнайы келген туристер. Жанында достары бар. Олар алдымен Алматы қаласына аялдап, Шымбұлақ тау шаңғы курортына барған. Бүгін Маңғыстаудың туристік аймақтарына, соның ішінде алдымен Бозжыраға аттанды.
Кай Чжэн, қытайлық турист:
Бозжыраны Қытайдағы әлеуметтік желілерден көріп қалдық. Оның көз тартар сұлулығы, ерекше табиғаты қызықтырды. Сондықтан күннің салқындығына қарамастан жолға шықтық. Бірінші мақсатымыз – Бозжыра шатқалын көру. Содан кейін «Қызыл күп» сияқты көрікті жерлерге барамыз.
Былтыр аймаққа 350 мыңнан астам турист келген. Оның 20 пайызы шетелдіктер. Олар Бозжыра, Қызылкүп шатқалдары мен Шерқала, Айрақты тауларына барып, Түпқараған ауданының теңіз жағалауы мен Ақтаудағы жылы жағажайда демалғанды ұнатады. Қазір облыста Мемлекет басшысының тапсырмасымен туристердің ағынын арттыруға арналған кешенді жоспар жүзеге асырылып жатыр. Сондықтан биыл 400 мыңнан астам турист келеді деген жоспар бар.
Абылайхан Жайылханов, облыстық туризм басқармасы туризмді және туристік инфрақұрылымды дамыту бөлімі басшысының м.а.:
Қазіргі таңда туристердің ең көп баратын, ең тартымты туристик локацияларының бірі – Бозжыра шатқалы. Бозжыра шатқалын туристердің баруына жағдай жасау мақсатында инвесторлардың көмегімен 4 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар бір инфрақұрылымдық жоба-ол автомобиль жолының құрылысы басталды.
Бозжырада салынып жатқан 4 жобаның үшеуі визит орталығы, біреуі қонақ үй. Бүгінде бір визит орталығының құрылысы аяқталды.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Сонымен қатар Кендірлі курорттық аймағына да көп көңіл бөлінуде. Әуежайдың құрылысы биыл аяқталып, халықаралық бағыттағы рейстер көбеймек. Бұл да туристер ағынын арттырады. Жалпы облыста 2029 жылға дейін 198 млрд теңгенің 17 туристік-инвестициялық жобасын жүзеге асыру көзделген.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы