Басты Жаңалықтар Жамбыл облысында 10 су қоймасы салынады

Жамбыл облысында 10 су қоймасы салынады

Жамбыл облысы Сарысу ауданындағы 5 ауылдың тұрғындары дән сеуіп, шөп шабудан қалдық деп арнамызға шағымданды. Айтуларынша, ауданға ағын судың арнасынан асып бармағанына 10 жылдан асқан. Тіпті қазірдің өзінде Талас өзенінің суы мардымсыз ағып, қыстың көзі қырауда қуаңшылықтан хабар беруде дейді. Суға жауаптылар не дейді? Данияр Әлімқұл тараптарды тыңдады.
Сарысуда тіршілік көзінің тапшылығынан шөп өспей, шабындықтың құр шаңы шығып жатыр. Қыз бұрымындай тарқатылған Талас өзенінің арнасы осы ауданда аяқталады. Алайда суы етектегі елге жеткенше жығып алатындар да жоқ емес. Өзен талапқа сай тазаланбайтындықтан, қыстың күні де мардымсыз ағатынын айтады. Қазір тіпті тартылып қалған.
Оңдасын Дүйсенбеков, Шағалалы ауылының тұрғыны:

Бұл экологиялық апат болып жатқан жағдай - құдықтағы ауызсудың тартылуы. Одан кейінгі мал жайылымының жоқтығы. Шабындық бәрі таусылып жатқан жағдай ғой. Кешегі мыңғырып жатқан малдан қазір отарлап малдар сатылып кеткен. Ірі қаралар неше түрлі кеселге душар болды. Енді сол үшін көшу керек пе - білмеймін, су келмесе...

Мұхамедия Сыздықов, Жайылма ауылының тұрғыны:
Елдің бәрі, халықтың бәрі осы суға қарап отырмыз. Малдың барлығы қолға қарап тұр. Шөптің өзін мына Қызылордадан тасып жатыр. Осы жағы бізге өте қиын болып тұр. Малдың жем шөбіне байланысты болып тұр ғой. Мал тоқ болса, біз де тоқ боламыз.
Бұқара осылай қаңтарда басталған қуаңшылық жазға жалғасатын болды дейді. Сарысулықтар соңғы рет арнасынан асып келген Талас суын осыдан 10 жыл бұрын көрген. Суға жауаптылар мұны көршіден келетін су көлемінің аздығымен байланыстырады. Қазір қырғыздың «Киров» су қоймасынан небәрі 5 текше метр су келіп жатыр. Мәселенің шешімі су қоймасын салу дейді. 
Қайрат Аманов, «ҚазСуШар» РМК Жамбыл филиалының директоры:
Талас ауданы мен Байзақ ауданы шекарасынан «Ақмола» су қоймасын салу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасы жасалған болатын. Соны бүгінгі күнде тиісті мамандар қайта қарауда. Осы жылы немесе келесі жылы Ақмола су қоймасы басталады деген жоспарымыз бар.
«ҚазСуШар» былтыр 15 шлюз жөндегендіктен, су бұрып алу дерегі сап тыйылды дейді. Ал аудан билігі арна ішін тазартуды асарлатып қолға алмақ.
Айта кетейік, аймақта алдағы 3 жылда жаңа 10 су қоймасы салынады деп жоспарланған.

Бөлісу