Басты Жаңалықтар Ақтаулық қоғам белсендісі есту қабілетінен айырылған жастарды жұмыспен қамтып отыр

Ақтаулық қоғам белсендісі есту қабілетінен айырылған жастарды жұмыспен қамтып отыр

Ақтаулық қоғам белсендісі есту қабілетінен айырылған 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мүмкіндігі шектеулі жандардың  бірі кофе қайнатып, енді бірі жартылай дайын өнімдер әзірлейді. Олар ұжымда жұмыс істеп, өз құқығын қорғауды да үйреніп жүр. Аймақта бұған дейін, әсіресе жастарға арналған жұмыс көзі болмаған.

Қоғам белсендісі Бибігүл Рамазанова әлеуметтік кафе ашып, сөйлеу қабілетінен айрылған 12 жасты жұмысқа алған. Солардың бірі – жалғызбасты ана Самал Абатова. Оның туғаннан құлағы естімейді, сөйлей алмайды. Кофеханада былтырдан бері даяшы болып еңбек етеді.  

Самал Абатова, Ақтау қаласының тұрғыны:

Жасым 33-те. Екі балам бар. Бізге бұрын жұмыс болған жоқ. Мына жерде бір ұжымбыз, достарым бар. Тұрақты табыс тауып, балаларымды асырап отырмын.

Мұнда кофе қайнатушымен қатар даяшылар, аспаздың көмекшісі, ыдыс жуушы мен еден жуушы да есту қабілетінен айырылған жандар. Олар бір-бірімен ыммен сөйлеседі. Келушілерге жылы шырай танытып, сапалы қызмет көрсетеді.  

Гүлжәмиға Сүлейменова, Ақтау қаласының тұрғыны:

Немерелерімді алып келем, осындай құрбыларым келгенде шай іше қоямыз осы жерден. Сосын мына балаларға тамшыдай болса да көмек болсын деймін. Балалар өте бауырмал, адамды құшақтап, келгенде қуанып, жақсы қызмет көрсетеді.

Жастар жартылай дайын өнімдер әзірлеуді де үйренген. Олар жасаған тағамдар дүкендерге тапсырылады. Қоғам белсендісі бұдан бөлек, тігін цехы мен кір жуу орталығын ашып, есту қабілетінен айырылған жандарға жұмыс тауып берді.  Сонымен қатар жастарға елдегі жаңалықтарды, алаяқтардан сақтанудың жолдарын түсіндіріп отырады. 

Бибігүл Рамазанова, қоғам белсендісі:

Көзі көрмейтіндердің құлағы естиді ғой, бәрі заңды біледі екен. Ал менің балаларымның ешқайсысы заңды білмейді, құлағы естімейді. Оларды ешкім бұрын осылай бір коллективке тоғыстырып, жұмыспен қамтымаған. Полуфабрикат жасасақ та, кофе қайнатсақ та, шай қайнатсақ та, кір жусақ та, әйтеуір біз балаларды жұмыспен қамтып жатырмыз. Шамамыз келгенше. Былтыр 30 адам болды. Биыл 35 адамға жеткізгім келіп отыр.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, Маңғыстауда 1200-ге жуық құлағы естімейтін адам бар. Қоғам белсендісі осы жандарға жатақхана салып, балаларды балабақша, мектеппен қамтуды көздейді.


Бөлісу