Ақтөбеде шаруалар малдың санына емес, сапасына көңіл бөле бастады
Былтыр ауыл шаруашылығы саласына 1 триллион теңге жеңілдетілген несие берілді. 2015-2024 жылдары өнім көлемі 2,5 еседен астам өскен. Бұл туралы Ел Президенті «Түркістан» газетіне берген сұхбатында айтқан еді. Қазір ауыл-аймақтарда мемлекет қолдауының арқасында мал өсіріп, одан пайда тауып отырған шаруалардың қатары артқан. Мәселен, тек Ақтөбе облысында сиыр саны 600 мыңнан, ал қой мен ешкі 1 млн, 200 мыңнан асты.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Соңғы жылдары өңірде мал өсіремін деушілердің қатары артып келеді. Мәселен, қазір біз тұрған шаруашылық екі жыл бұрын ғана ашылған. 1200 бас бұқа бордақыланып жатыр. Бұлардың әрқайсысы 6 ай ішінде 250-300 келіге дейін салмақ қосады екен.
Өңірдегі шаруалар соңғы жылдары етті бағыттағы мал өсіруді қолға ала бастады. Нәтижесінде, бордақылау алаңдары көбейді. Мұндағы он екі қораның әрқайсысында 100 бастан сиыр бар. Оларға жем-шөп беру ісі автоматтандырылған. Яғни малшылардың жұмысы жеңілдеді.
Нұрбек Нұртазин, малшы:
Ерекшелігі – 24 сағат жемде тұрады, 24 сағат суда тұрады. Өздері ішеді, артымда жем тұр, бір рет құйып қоямыз, 3-4 күнге жетеді.
Александр Құрманов бордақылау алаңын ашу үшін 300 млн теңге жеңілдетілген несие алған. Оған техника, қажетті жабдықтар мен мал сатып алды. Қазір қарамағында он шақты қызметкер бар. Ақтөбеден бөлек Батыс қазақстан облысындағы шаруалардан баспақ әкеліп, оны семіртіп сатып отыр.
Александр Құрманов, серіктестік директоры:
Біз жем-шөп берудің автсралиялық әдісін қолданамыз. Мал азығына қажетті шикізатты жергілікті шаруалардан сатып алып, оны өзіміз өңдейміз. Президентіміз Қазақстанның әсіресе, Азия елдеріне ет эскпорттауға мүмкіндігі барын айтты. Алдағы уақытта мемлекеттік қолдаулардың арқасында мал басын 5000-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Әкімдік бізді қолдап, 38 гектар жер берді.
Соңғы бір жылда өңірде ауыл шаруашылығы өнімін өңдірушілерді қолдау мақсатында 17 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Нәтижесінде, төрт түлік саны артып келеді. Шаруалар санға емес, сапаға жұмыс істеуді үйрене бастады. Мемлекет басшысының Солтүстік Қазақстан облысының оң тәжірибесін кеңінен тарату бастамасы негізінде шаруашылықтардың бірі екі жарым пайыздық жеңілдетілген несие алып, сүт-тауарлы фермасын кеңейтуге мүмкіндік алды.
Әуезхан Қиялов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бөлімінің бас маманы:
Екі есеге ұлғайту деген мақсат бар. Өнім көлемі жыл сайын артып келе жатыр. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде, шаруашылықтардың да саны артып келе жатыр. Сүт-тауарлы фермасын кеңейту мақсатында екінші кезеңін іске асыру жоспарлануда. Ол үшін мемлекеттен 4,2 млрд теңге қаражат бөлінді. Аталған жоба өңірдегі сүт өндірісін 20 мың тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлайды.
Былтыр өңірде 412 млрд теңгенің өнімі өндірілді. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 219 тұрғын несие алып, 650-ге жуық жұмыс орны құрылды. Салаға 78 млрд теңге инвестиция тартылған. Ірі 8 жоба іске қосылды. Егістік көлемі де ұлғайып келеді. Былтыр 426 мың гектар алқаптан 554 мың тонна өнім алынған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы