Басты Жаңалықтар Елімізде 33 миллиард тоннаға жуық көмір қоры бар

Елімізде 33 миллиард тоннаға жуық көмір қоры бар

Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы ЖЭО -ның құрылысы сәуір айында басталмақ. Бұл жайында Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында хабарлады. «Самұрық-Қазына» қаңтардың соңына дейін құрылыс нысандары бойынша келісімшарт жасауы тиіс. Онымен қоса көмір генерациясын дамыту бойынша да нақты тапсырма берілді. Елде көмір қоры жеткілікті, оны өндіру бойынша әлемде алғашқы ондықтамыз. Енді соны барынша игеріп, ел мүддесіне тиімді пайдалану үшін алдағы уақытта ұлттық жоба әзірленіп, жүзеге асады. Толығырақ өңірдегі тілшіміз Жандос Бақытұлы тарқатсын.

Бүгінде елімізде 33 миллиард тоннаға жуық орасан зор көмір қоры бар. Қазіргі тұтыну деңгейінде бұл қор 300 жылға жетеді. Бұл жайлы Мемлекет басшысы Қызылордада өткен Құрылтайда атап өтті. Көмір - еліміздің стратегиялық активі. Ал Көмір өндірісінің басым бөлігі индустриялды орталық - Қарағандыға тиесілі. Мұнда жыл сайын 30-35 миллион тонна көмір өндіріледі.

Алтай Серікбаев, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы:

2025 жылы Қарағанды облысында 37,3 млн тонна көмір өндірілді. Облыста өндірілетін көмірдің негізгі бөлігі ішкі нарыққа бағытталып, энергетика объектілерін, жылу электр орталықтарын отынмен қамтамасыз етуге, сондай-ақ шет мемлекеттерге экспортталады.

Өңірде соңғы жылдары тұралап қалған 5 шахта қайта жанданып, жұмысын бастады. Ал Шұбаркөл көмір компаниясы былтыр 15 миллион тонна көмір өндіріп, ішкі нарықты қамтыды. Ал белгілі бір бөлігі Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанға эскпортталған.

Павел Чувашов, «Шұбаркөл көмір» АҚ өндірістік директоры:

Көмір өндірісі жыл сайын дамып келеді. Біздің мақсатымыз тұрғындардың сұранысын толықтай орындау. Ал күнделікті қолданысқа жарамсыз бөлігін экспорттаймыз. Ең бастысы сапалы көмірді, қауіпсіз өндіру.

Енді негізгі мақсат еліміздегі көмір қорын тиімді пайдаланып, көмір энергетика саласына басымдық беру. Бүгінгі Үкімет отырысында бұл мәселе жөнінде нақты тапсырма берілді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Мемлекет басшысы көмір генерациясын дамытудың және жаңа ЖЭО жобаларын іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Энергетика министірлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 1 ай мерзімде көмір генерациясын дамыту жөнінде ұлттық жоба әзірлеп, Үкіметке енгізсін.

Жыл сайын елімізде 110 миллион тонна көмір өндіріледі. Соның арқасында әлемдік деңгейде алдыңғы қатарда келеміз. Алдағы уақытта осы тұрғыда тиімді ұсыныстар қаралып, ұлттық жоба әзірленеді.


 


 


Бөлісу