Басты Жаңалықтар Қысқы Олимпиада ойындарына кімдер барады?

Қысқы Олимпиада ойындарына кімдер барады?

Милан Олимпиадасының басталуына 2 аптадай уақыт қалды. Төрт жылдықтың басты бәсекесінде ел намысын спорттың 10 түрінен 36 спортшы қорғайды. Туризм және спорт министрлігі жарысқа қатысатын Ұлттық құрама мүшелерінің тізімін жариялады. Атлеттердің көпшілігі Ақ ойындарға бірінші рет қатысады. Сонымен, қандай спорт түрінен және қай спортшыларда медаль алу мүмкіндігі жоғары? Болжам қандай? Асылбек Данияр тарқатып айтады.
Қазақстан тәуелсіз ел ретінде 1994 жылдан бері Олимпиадаға қатысып келеді. Сол кезден бір спортшыларымыз 8 медаль жеңіп алды. Оның біреуі алтын, үшеуі күміс, төртеуі қола.
Өкініштісі, соңғы Бейжіңді өткен жарыста қоржынымыз бос қайтты. Ендігі үміт Миланда.Ұлттық құрама 70-80 пайызға жаңарды.
Италиядағы Ақ ойындардың ерекшелігі – гендерлік теңдік. Лицензия алғандардың 18-і ер, 18-әйел. Атлеттердің жасы үлкені шорт-трек шебері – Абзал Әжғалиев болса, ең жасы – фристайл акробатикадан – 16 жастағы Асан Асылхан.
Қатысушылардың есімі белгілі болғанымен, лицензия саны белгісіз. Спорт комитетінің ресми өкілі нақты тізім қаңтардың соңында жарияланады, деді. Министрлік өкілінен қай спорт түрлерінен медаль болуы мүмкін екенін сұрадық.
Мейрамғазы Сапарғалиев, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ресми өкілі:

2025 жылы өткен қысқы Азия ойындарындағы ерекше, тарихи нәтиже көрсеткен спортшыларымыз бар. Фристайл акробатикадан, шорт-тректен, кейіннен әлем чемпионатында мәнерлеп сырғанаудан, конькимен жүгіруде де әлем кубоктарында тарихи жаңартылған рекордтар тіркелді. Міне, осы спорт түрілерінен, бағы мен бабы шапса алдағы уақытта өз нәтижесін береді деген сенім бар.
Шайдоров:
Сегіз жылдық үзілістен кейін мәнерлеп сырғанаушылар Олимпиаданың мұз айдынында өнер көрсетеді. Жанкүйер М.Шайдоровтың жолына үмітпен қарайды. Төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері құр қол қайтпас, дейді спорт комментаторы Лилиана Әлжанова. Дегенмен, АҚШ, Жапония, Франция спортшыларымен бәсекелесу оңай болмайтынын айтады.
Лилиана Әлжанова,спорт комментаторы:
Михаил – әлемдегі үздік 6 спортшының қатарында, екі жыл қатарынан. Гран-приге кез келген спортшы қатыса бермейді. Ал финалға тіпті де...Сондықтан да мен бұл жерде ондық емес Михаилдан кем дегенде қола күтемін. Себебі, Илья Малинин 4 айналым аксельмен қысқа бағдарламада да еркін жаттығуда да ешкімге дес бермейтін шығар. Ол рекорд көрсеткен жігіт. Одан кейінгі екінші, үшінші орынға таласуға мүмкіндік бар.
Ал, спорт журналисі Жандос Айтбай Олимпиадада Ұлттық құрама 1 жүлде алса, оның өзі үлкен жетістікі. Десе де, бұл спорт болған соң ойламаған жерде бірнеше медаль болуы ықтималы екенін айтады.
Жандос Айтбай, спорт комментаторы:
Негізгі үміт шорт-трек шеберлерінде. Өйткені, жігіттер төртінші Олимпиадасына бара жатыр. Тәжірибе деген жетіп артылады. Енді баптары келсе... Баптары келу үшін де барлық мүмкіндік қарастырылды ғой. Шетелден мамандар шақыртты. Бақтары жанса Олимпиада ойындарында шорт-трек шеберлері үздік үштіктің қатарынан көрініп қалады, деген менде болжам бар.
Әрине, Олимпиадаға қатысты түрлі болжамның айталатын заңдылық. Алайда тек үздіктер ғана бәсекелестікке түсетінін ескерсек, Ұлттық құрама спортшыларының осалы жоқ. Сондықтан, отандастарымыз қанжығасы майланып, олжалы оралатынына сенейік және жанкүйер болайық. Милан және Кортина-д'Ампеццодағы Олимпиада ақпанның 6-22 аралығында өтеді. Оны «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.




Бөлісу