Президент: Тәуелсіздіктің 35 жылдығын нақты істермен атап өтуіміз керек
Биыл Жошы хан туралы деректі фильм көрермен назарына ұсынылады. Мемлекет басшысы V Ұлттық Құрылтай отырысында көп сериялы фильм Алтын Орда брендін жер жаһанға дәріптеуге сеп болатынын айтты. Ал мамыр айында Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиум ұйымдастырылмақ. Қыркүйекте «Ұлы Алтай – түркілердің түп атамекені» атты халықаралық конференция өткізу жоспары бар. Жыл соңына таман Қазақстанның академиялық тарихы бойынша көлемді жеті томдық жарық көреді. Аталған еңбек ұлттың тұтас тарихи санасын жаңғыртуға үлес қосады. Мемлекет басшысы «Тәуелсіздіктің 35 жылдығын дәл осындай нақты істермен атап өтуіміз керек», - деп баса айтты. Ал Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізу – алдағы жоспар еншісінде. Сондай-ақ, Президент «Ұлы бабалардың өсиеттерін тек мерейтойы кезінде еске алмай, ғылыми жиындарды тұрақты түрде өткізу керек», - дейді. Әсіресе ұлт руханиятының ұстыны саналатын Әл-Фараби, Ясауи ілімдерін үздіксіз дәріптеу маңызды.
Мұқаш Ескендіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Біз өз тарихымызды білмей, алға қарай жылжи алмаймыз ғой. Мысалы, Қытайдың тарихи киноларын көретін болсаң, олардан мықты батырлар жоқ сияқты. Сондықтан біз де өзіміздің тарихымызды жақсы жағынан көрсетуіміз керек. «Алтын ордамыз» бар, «Хандардың шежіресі» деген жинақтар шығып жатыр. Сондықтан бұл дұрыс қадам деп ойлаймын.
Президент: Еліміздің тарихи мұралары ЮНЕСКО тізіміне енуге лайық
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енуге әбден лайық тарихи орындар мен құнды жәдігерлер аз емес екенін тоқталды. Президент биыл Кореяның Пусан қаласында Бүкіләлемдік мұралар комитетінің отырысында Маңғыстаудың жерасты мешіттерін ұйым тізіміне қосу мәселесі қаралатынын айтты. Әсіресе Қытай сәулетшілері мен ұйғыр шеберлері таза ағаштан соққан Жаркент мешітін, төрт мың жылдық тарихы бар Қаратау петроглифтерін атап өтті.
Сонымен қатар татулық пен достықтың символы саналатын Алматыдағы «Вознесенск» кафедралды шіркеуіне назар аударды. «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатының іс жүзінде көрініс тапқанын атап өтті. Жауапты министрлікке нақты жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы