Басты Жаңалықтар Саяси жүйеде ауқымды реформалар іске асады

Саяси жүйеде ауқымды реформалар іске асады

Ел билігінің жаңа форматы. Енді вице-президент қызметі пайда болады. Жалпы саяси жүйеде ауқымды реформалар іске асады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда Парламенттік құрылымды түбегейлі жаңғырту, билік тармақтарының өкілеттігін қайта бөлу және президенттік институтты жетілдіру жөніндегі бастамаларын жариялады. 

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Тарихында ел тағдырына қатысты талай шешім қабылданған Қызылорда тағы бір маңызды кезеңнің куәсі болып отыр. Бір кездері астана болған, Алаш рухы мен ұлт мұраты тоғысқан бұл шаһарда өтіп жатқан Ұлттық құрылтай сол сабақтастықтың айқын жалғасы іспетті. Өткен мен бүгінді жалғаған жиында ел болашағына қатысты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. 

Президент Биыл Қазақстанның келешегіне тікелей ықпал ететін аса маңызды жыл болатынын бұған дейін де айтқан. Өзгерістердің өзегі Парламенттік реформа болмақ. Арнайы құрылған жұмыс тобы жарты жылға жуық жаңа заң шығару органының жұмысын жіті талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ең алдымен болашақ Парламенттің атауы бойынша пікірімді айтсам. Қысқаша айтқанда, «Құрылтай» деген атауды беру керек деп сенемін. Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті, жақын. Жұмыс тобы азаматтардың ұсыныстарын мұқият зерделеп, қызу талқылады. Ақыр соңында Парламенттің мандат саны 145 болуы керек деген байламға келді. Жаңа Парламентте Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін. Ал комитет саны 8-ден аспауы керек.

Өзгерістердің екінші блогы маңызды мемлекеттік құрылымдардың барлық мүшесін тағайындау тек Парламенттің келісімімен жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ елдің жоғары өкілді органының депутаттарына Президенттің ұсынуы бойынша Жоғарғы Соттың барлық судьяларын сайлау өкілеттігін беру ұсынылды. Ұсыныстардың үшінші бөлігі жаңа Парламентті жасақтау тәртібі туралы болды. Депутаттар енді пропорционалды жүйе қағидатымен сайланады. Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы квотасы да алынып тасталады. Ал жастарға, әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квоталар сақталады.

Серік Сәдуақасов, Павлодар облысы өңірлік қоғамдық кеңес мүшесі:

Бір палаталы Парламент заңның тез қабылдануына ықпал етеді. Өйткені қазір білесіз дүние жүзінде өзгерістер болып жатыр. Соған біз тез бейімделуіміз керек.

Тағы бір маңызды мәселе. Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясы өздеріне жүктелген тарихи миссияны толық атқарды. Олардың орнына елімізде жаңа институт Қазақстанның халық кеңесі құрылатын болды. Оның құрамында 126 адам болады. Оның барлығын Президент өзі тағайындайды. 

Жақсыбек Құлекеев, Қоғам қайраткері, Ұлттық құрылтай мүшесі:

Осы өзгерістің барлығы қоғамның, заманның талабына сай өзгеруіне геосаяси жағдайға байланысты заманауи оң нәтижеге алып келетініне сеніміміз мол.

Президент конституциядағы нақтылауды қажет ететін баптарға да тоқталды. Сонымен қатар Конституциямыздың мәтінінде жекелеген қателер бары анықталған. Кезінде терминологиялық, стильдік кемшіліктерге жол берілген. Конституциялық реформа аясында осы олқылықты да түзеуіміз керек, - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазіргі Ата заңға сәйкес Президент өз міндетін атқара алмайтындай оқыс жағдай туындаса, оның өкілеттігі қалған мерзімге Сенат төрағасына беріледі. Бұл ретте, мәселенің бәрі «қалған мерзімге» деген сөзге келіп тіреледі, осы мәселені ерекше атап өткен жөн. Басқаша айтсақ, «қалған мерзім» 6 айға да, 6 жылға да созылуы мүмкін. Сондықтан Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, екі айдың ішінде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген норма негізгі заңда нақты белгіленуі қажет.

Президент ұсыныстарының ең маңыздысы келесі. Ел билігінде вице-президент қызметі пайда болады. Оны ел Президенті өзі тағайындайды және құзіретін де өзі белгілейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының мүдделерін халықаралық форумдарда және шетел мемлекеттерінің делегацияларымен жүргізілетін келіссөздерде көтереді. Парламент жиындарына Президент атынан қатысады. Отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен өзара байланыс орнатады. Президенттің өзге де тапсырмаларын орындайды.

Айман Омарова, заңгер, Ұлттық құрылтай мүшесі:

Глобалды саясатта өте үлкен өзгерістер болып жатыр. Өте қиыншылықтарды көріп жатырсыздар қандай болып жатқанын. Соған қатысты әрине осындай өзгерістер бізге де керек.

Бұл өзгерістер жүзеге асқан жағдайда Парламенттің қызметін қамтамасыз ететін аппараттық құрылымдардың бір бөлігі, сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің лауазымы қысқартылатынын да атап өтті.

Осылайша ұсынылған реформалар биліктің барлық тармағын – заң шығарушы, атқарушы және сот жүйесін түгел қамтып отыр. Өзгерістер орталықпен қатар өңірлік деңгейде де жүзеге асырылмақ. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл бастамалардың барлығы мемлекеттік мүдде мен халықтың әл-ауқатын басты басымдық ете отырып әзірленген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақ мемлекетінің басшысы ретінде Мен үшін Тәуелсіздік – бәрінен қымбат! Бұл – мерейтой кезіндегі ұран емес, қазіргі дүрбелеңге толы заманда ұлттық стратегиямыздың негізгі қағидасы. 

2022 жылғы реформа кезінде Конституцияның 33 бабы жаңарған. Ал бұл жолғы ұсынылған өзгерістердің ауқымы одан да кең.


Бөлісу