Басты Жаңалықтар Шымкентте 75 адамның мүгедектік туралы құжаттары күмән тудырды

Шымкентте 75 адамның мүгедектік туралы құжаттары күмән тудырды

Шымкентте әлеуметтік төлемдерді негізсіз алғандар анықталды. Тексеру барысында 75 адамның мүгедектік мәртебесіне қатысты құжаттары құзырлы орган өкілдерінің күмәнін тудырған. Нәтижесінде бірнеше азаматтың  төлемдері тоқтатылып, әлеуметтік мәртебесі қайта қаралып жатыр.

Шымкентте 700-ден астам Ауған соғысының ардагері бар. Солардың бірі - Бақытжан Тәжімбетов. 1987–89 жылдары Кандагарда әскери борышын өтеген. Ардагер әлеуметтік салада тәртіп орнату қажет деген Мемлекет басшысының бастамасын құптайды. Оның сөзінше, көлеңкелі жолмен мемлекеттен көмек алып отырғандар нағыз ардагерлердің еңбегін жоққа шығарады.

Бақытжан Тәжімбетов, Ауған соғысының ардагері:

Әрқайсысы өзінің еткен еңбегіне қарай мәртебеге ие болу керек деп ойлаймын. Сондықтан да жалған, өтірік ауғандар дейді, өтірік ардагерлер дейді - соларды анықтау үшін жүргізіліп жатқан шара. Әрине еңбегі сіңбесе, ондай жеңілдіктерді ешкімнің алуға құқығы жоқ.

Шымкентте 42 847 мүмкіндігі шектеулі азамат бар, бұл қала халқының 3,3%-ы.  Тексере келе құжаттан кілтипан табылды. Жауаптылардың сөзінше, емханада  ақпараттық жүйеге жалған мәліметтер енгізілген. Тексеру барысында 75 адамның мүгедектігі туралы құжаттары күмән тудырып, олардың төлемдері тоқтатылды.

Төрехан Дауытов, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының м.а.

Ақпараттық жүйеге енгізілген құжаттарды тексеру барысында олардың жалған құжаттар тапсырып, заңсыз мүгедектік статусын алғандары белгілі болды. Үшеуі ғана келді, оның екеуінің мүгедектігі тоқтатылды, дәлелденген жоқ. Ал біреуі бойынша мүгедектіктің санаты бірінші топтан екінші топқа түсірілді.

Қалған 72 адам қайта тексеруден өтеді, яғни мүгедектігін көзбе-көз куәландырып, растауы тиіс.

Берік Құрбанов, Шымкент қаласы прокуратурасының басқарма прокуроры:

Аталған жағдайлар бойынша материалдар уәкілетті органдарға жолданып, қазіргі уақытта тексеру шаралары жүргізілуде. Тексеру барысында әрбір дерек жеке қаралып, медициналық құжаттардың шынайылығы мен рәсімдеу тәртібінің сақталуы жан-жақты зерделенуде.

Ернұр Уәлихан, тілші:

Тексеру қорытындысы бойынша заңды белден басқан тұлғалар анықталса, жазадан құтылмайды. Соның ішінде ақпараттық жүйеге жалған дерек енгізген медицина қызметкерлері де қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Түптеп келгенде, мемлекет көмекті көлденеңнен келгендерге емес, нағыз мұқтаж жандарға көрсетуі көздейді. 


Бөлісу