Түркістан облысының Сұлубұлақ ауылында су мәселесі қиындап кеткен
Түркістан облысы Жетісай ауданында бүтін бір ауыл жиырма жылдан бері ауызсудың азабын тартып келеді. Сұлубұлақ ауылының тұрғындарының айтуынша, жұрт жылдар бойы сапасыз суды тұтынуға мәжбүр. Дәрігерлер елді мекенде бүйрегі ауырып, денсаулығы нашарлаған науқастар көбейгенін айтады. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.
Мыңнан аса халық тұратын Сұлубұлақ ауылындағы судың сапасы сын көтермейді. Елді мекенге ауызсу құбыры тартылғанымен кермек татып, лайланып кетеді дейді жұрт. Оған да көндіккенмен соңғы кезде балалардың денсаулығы сыр бере бастаған.
Дана Әуелбекова, Сұлубұлақ ауылының тұрғыны:
Менің үш немерем сары ауру болды. Біреуі ауыр өтті. 14 күн алып жаттым. Одан кейінгі баламды 10 күн алып жаттым. Осы Сұлубұлақ пен Сырабаттың адамдары бір палатада, 8-9 адамнан жаттық.
Тұрғындар әр үйден 3-4 баладан сары ауруға шалдығып, жаппай ауруханаға түсе бастағанын айтады. Елді мекендегі емдеу мекемесіне ата-аналар жиі жүгінетін болған. Басым көпшілігі сары ауруға шалдыққанын медицина мамандары жоққа шығармады.
Эльвира Сапарова, ФАП меңгерушісі:
Судың кесірінен кішкентай балалардың арасында сары ауру көбейіп жатыр. Гепатит А деп айтады медицинада. Эксперттер тексертіп, сол судан деп жатыр. Балабақшадан көбейіп жатыр. Мектеп оқушылары. Күніне 10-15 балалар шағыммен барады. Біраз бала кәдімгі стационарда жатып емделіп жатыр.
Тұрғындар сапасыз суды өз беттерінше тазартып ішуге әрекет етіп шаршағандарын айтады.
Ният Исаев, Сұлубұлақ ауылының тұрғыны:
Өзімізше әрекет жасап, үйімізге фильтр қойғанбыз. Сол суымыз бір ай, бір жарым айдың ішінде бәрі тұз болып қатып қалады. Ауыстыруға тура келеді. Төрт фильтр бар. Ауыстырғанда он мың болады. Ақырында оған ақшам жетпей, суды Ильичтен тасып ішіп жатырмыз.
Сұлубұлақтықтар сапасыз суды айтып шулаған соң ғана ауылға аудан әкімінің орынбасары мен суға жауапты мекеме басшысы жедел жетті. Тұрғындардың талабымен лайланған суды өздері де ішіп көрді.
Нұркен Әлмеш, Жетісай ауданы әкімінің орынбасары:
Алдыңғы жылы да шағым бізге осы ауылдан түскен. Бұл жерде біз жолын ауыстырғанбыз. Енді қазір бүгін естідік қой мынадай болып жатқанын. Қазір анықтаймыз. қалай, не болып жатқанын.
Сұлубұлақтың суын өткен жылы СЭС мамандары тексеріп, ішуге жарамды деп қорытынды берген. Соған қарамастан жауаптылар суды тағы тексертуге уәде етті.
Алдияр Әсілов, Жетісай су мекемесінің басшысы:
Ондай болып тұрады. Жерасты суы болғаннан кейін біз бәрін сорғымен тартып бергеннен кейін арасында ондай-ондай болып тұрады. Соны тазалап беріп тұрамыз. Сұлубұлақ бойынша сынамасын аламыз. Сонымен сынамасына қарап, ащы кермектігі бар десе, биылға скважина қазуға ЖКХ-ға құжатымызды дайындаймыз.
Бірақ ауыл тұрғындары мәселенің жуық арада шешілетініне сенбейді. Сондықтан облысқа жүгінеміз деп отыр. Өңірдегі Сырабат, Өркенді және Алпамыс елдімекендерінің халқы тап осылай қиналып отыр. Ауызсу бар дегені болмаса ішуге жарамсыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы