Басты Жаңалықтар Алматыдағы «Қайрат» ықшам ауданында орналасқан 200-ге жуық үй бұзылуы мүмкін

Алматыдағы «Қайрат» ықшам ауданында орналасқан 200-ге жуық үй бұзылуы мүмкін

Алматы қаласындағы «Қайрат» ықшам ауданында орналасқан 200-ге жуық үй бұзылуы мүмкін. Қала әкімдігі ұсынған Бас жоспардағы өзгерістерге сәйкес, жеті көшедегі баспананың орнына 4–5 қабатты тұрғын үйлер салу жоспарланып отыр. Біз бұл шешімге қарсымыз, дейді тұрғындар. Мәселе қалай шешіледі? Халықтың уәжін Айдана Қуантхан тыңдап қайтты.
«Қайрат» ықшам ауданының тұрғындары үйлеріне қоныстанып, әлі баспаналарының шаттығын сезініп үлгерген жоқ. Бірі он жыл бұрын құрылысын аяқтаса, енді бірі жуырда ғана көшіп келген. Содан болар жұрт жаңа шаңырағынан бас тартуға дайын емес.
 Атлан Сүлеева, қала тұрғыны:

Естіп жатқан жағдайларымыз шалымыз екеумізді қатты қобалжытты. Кетпейміз, кетеміз деген ойымызда да жоқ ешқайсымыздың.
Әу баста бұл аумақ жеке тұрғын үй салуға арналған. Халықтың құжаты түгел, барлық инженерлік инфрақұрылым – су мен жылу, жарық пен жол толық қамтылған. Олардың айтуынша, ықшам аудан осыған дейін Бас жоспарда жеке сектор ретінде белгіленіпті.
Мөлдір Сабдалиева, қала тұрғыны:

Осыған дейін ИЖС статусында болды. Сол статуста қалғанын талап етіп жатырмыз. Бізге ешкім тиіспесінші.  Бала-шағамызбен жайлы өмір сүріп, әрі қарай болашағымызды құрастыра берейікші.

Ал шаһар әкімдігі тұрғындарды алаңдауға негіз жоқ екенін айтады. Олардың сөзінше, Бас жоспардағы өзгеріс әзірге бекітілмеген.
Алмас Манияров, Түрксіб ауданының сәулетшісі:

Халық қарсымыз, бізге сол Ж1-ды қалдыр деп отыр. Сол себепті біз протокол дайындап жатырмыз. Нақты жоспарлар жобасы. Сол уақытта оны қарастырады. Халық қарсы болса, қинап ол жерге қойып тастай алмаймыз. Заң аясында бәрін қарастырамыз.

Қала билігі нақты жоспарлау жобасы мамыр айында әзірленіп, жыл соңына дейін талқыланады дейді. Сондықтан халықтың ұсынысы мен пікірі ескеріледі деп сендірді.

Бөлісу