Энергетикалық сусын тұтынатын жасөспірімдер азаймай отыр
Қазақстанда әрбір бесінші жасөпірім энергетикалық сусынды аптасында кемінде 2 рет тұтынады. Мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдер арасында Ұлттық зерттеу жүргізген мамандар осылай дейді. Жастардың серігіне айналған мұндай сусындардың зияны қандай? Көпшілік оған неліктен әуес? Тілшіміз зерттеп көрді.
Бір құты энергетик сусын қуат па әлде дерт пе? Оның зиянды екенін біле тұра сусынға сұраныс азаяр емес.
Зухра Ұлданова, сатушы:
Бізде жақсы өтіп жүр. Иә, энергетикаға бізде жақсы сұраныс бар. Жарнама жасамаймыз, бірақ тұтынушылар өздері алған соң сатылады. Тек жасы сәйкес келген кісілерге ғана сатамыз. Жасөспірімдерге сатылмайды.
Былтырдан бері елімізде 21 жасқа толмаған азаматтарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынды. Саудагерлер сатып алушының жасына күмән тудырған жағдайда жеке басты куәландыратын құжатты көрсетуін талап етуге міндетті. Бірақ Ұлттық зертеу нәтижесі 11 мен 15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 40 пайызы энергетикалық сусын тұтынатынын анықтаған.
Салтанат Назарова, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы төрағасының орынбасары:
Әрбір бесінші жассөпірім осы жастағы, энергетикалық сусындарды аптасына кем дегенде 1-2 рет үнемі пайдаланатыны анықталып отыр.
Әлеуметтік желілерде қолданушылар осындай сусындардың зиянды тұстарын ашып айтып, одан зардап шегіп жатқандар туралы жарыса жазуда. Мамандар энергетикалық сусын адамға қуат бермейді, керісінше ағзаны аяусыз «құртады» деп дабыл қағуда. Нәтижесінде жүрек қағысы жиілейді, қан қысымы көтеріледі, асқазан жарасы мен тәуелділік пайда болады. Бұл жүйке жүйенің әлсіреуіне және депрессияға да алып келуі мүмкін дейді.
Айжан Иманғали, тілші:
Бір құты сусындағы кофеин мөлшері 3-4 кесе қою кофемен тең. Ал қант мөлшері тәуліктік нормадан бірнеше есе асып түседі. Бұл ұйқы безі мен жүрекке жасалған тікелей шабуыл дейді мамандар. Соған қарамастан тұтынатындар азаяр емес.
Сарапшылар соңғы жылдары кейбір жүрек трансплантациясына энергетикалық сусындардың тікелей әсері барын жасырмайды. 2023-2024 жылдары әр түрлі жағдаймен 5 адамға жүрек ауыстырылса, 2025 жылы осындай 15 ота жасалған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы