Қарағанды облысында 51 медициналық нысан салынған
Қарағанды облысында қайтарылған активтер есебінен 51 медициналық нысан қолданысқа берілді. Оның басым көпшілігі шалғай ауылдарда. Онымен қоса қазіргі таңда Қарағандыдағы онкологиялық аурухананың операциялық-жансақтау бөлімінің құрылысы жүріп жатыр. Ал Балқаштағы жаңа ғимараттың құрылысы жақында аяқталады. Бұл нысандарға да арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөлінген.
Қарағанды қаласының іргесінде орналасқан Құрылыс ауылында бұған дейін шағын медициналық пункт жұмыс істеп келді. Мұндағы 500-ден астам тұрғын кейбір дәрігерлік көмекті алу үшін 12 шақырым жердегі Үштөбе ауылына баратын. Ал биыл мұнда жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Мұнда алғашқы медициналық жәрдем көрсету үшін қажетті құрал-жабдықтың барлығы бар.
Серікбай Нұрмағанбетов, Құрылыс ауылының тұрғыны:
Бұл дәрігерлік пункттің тиімділігі, әрине азаматтарға керек. Қан қысымы бар ақсақалдарымыз, аналарымыз түнде қысылып қалғанда 12 шақырым жердегі Үштөбеге барып қаралады. Сонау Қарағандыға барады. Қыс уақытында білесіздер ғой, жолдардың барлығы жабылып қалады, сол уақытта осы жерде дәрігер болып қаралып жатса өте жақсы нәрсе.
Облыс бойынша қайтарылған активтер есебінен 51 ауылда медициналық нысан ашылды. Соның нәтижесінде шалғайда тұратын мыңдаған адамға медициналық көмек қолжетімді болды. Қазір Қарағандыдағы онкологиялық аурухана жабдықталып, жаңа операциялық-жансақтау бөлімі салынып жатыр.
Абылай Смағұлов, Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
Бұл нысан біраз жыл құрылысы тоқтап тұрған еді. Екі жарым жылдай тоқтап тұрған. Енді биыл қараша айында қаражат бөлініп, құрылыс жұмысы жанданды. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмысы жүргізіліп жатыр. Біздің жоспарымыз бойынша 2026 жылдың үшінші тоқсанында аяқталатын болады.
Ал Балқаштағы көпбейінді аурухананың базасында ауданаралық медициналық хаб құрылады. Жоба аясында 1 миллиард теңге бөлініп, мекеменің қосымша корпусының құрылысы жүріп жатыр. Онда науқастарды жедел қабылдау және операция бөлімдері іске қосылады. Аурухана шалғай елді мекендердің тұрғындары мен «Алматы-Екатеринбург» тасжолы арқылы өтетін жолаушыларға қызмет көрсетеді.
Дмитрий Пинаев, Балқаш көпбейінді ауруханасының травматолог-дәрігері:
Келешекте науқастарды тексеру, операция жасау әлдеқайда жылдам әрі сапалы түрде жүргізіледі. Жаңа операциялық бөлімде хирургтер, нейрохирургтер және травматологтар топтасып жұмыс істейтін болады. Науқасқа диагноз қою кезінде тексерудің жан-жақты болуы маңызды. Бұдан бөлек, жаңадан сатып алынатын заманауи жабдықтардың өзі жұмысты жеңілдетеді.
Сонымен қатар қайтарылған қаражат есебінен Балқаштағы бұрынғы шипажайда балаларды оңалту орталығы құрылады. Соның арқасында тұрғындар облыс орталығына бармай-ақ, жақын жерде сапалы медициналық көмек ала алады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы