Басты Жаңалықтар Атырау әуежайындағы көктайғақтың кесірінен рейстер тоқтады

Атырау әуежайындағы көктайғақтың кесірінен рейстер тоқтады

Атырауда екі күннен бері көктайғақ салдарынан әуежайда рейстер кешігіп, кейбірі тоқтатылып жатыр. Жауаптылардың мәліметінше, соңғы рейс бүгін таңғы сағат 04:00 шамасында ұшып шыққан.

Еске салсақ, 14-қаңтар күні қара аралас жаңбыр жауып қозғалыс қиындаған еді. Алматыдан Атырауға қонған ұшақ жолақтан тайып, жиекке шығып кетті. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Осындай жағдайлардың алдын-алу үшін әзірге ұшақтар көрші Маңғыстау облысына қонып жатыр. Ал әуежайда қалған жолаушылар тегін тамақ және қонақ үймен қамтылады. 

Жұлдыз Қатарова, жолаушы:

Біз мұнда жүргенімізге 12 сағат болды, кете алмадық. Неге десеңіз, 1-2 сағат сайын отмена беріп тұр. Егер де айтқанда түнгі 2 десе асықпай күтіп келер едік. Ал біздерге 1 сағат сайын айтқасын мына жерге байланып қалдық. Менің бүкіл билеттерім күйіп кетті.

Қазір ұшақтардың ұшу-қону жолағы тазартылып жатыр. Бұл жұмыстарға арнайы техникалар бөлініп, 23 тонна химиялық реагент себілген. Әуежай өкілдерінің айтуынша халықаралық азаматтық авиация комитетінің кодына сәйкес қазіргі жағдай «нөлдік» деңгейде бағаланып, қауіпсіздік мақсатында рейстер уақытша тоқтатылған. Ал қашан кері рұқсат берілетіні әзірге белгісіз.
Андрей Венгринюк, Х.Доспанова атында
ғы халықаралық Атырау әуежайы ұшу қауіпсіздігінің инженері:

Жағдайды реттеуге бар күшімізді салып жатырмыз. Басты мақсат – жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әуе кемелерін қауіпсіз қабылдау мен ұшыру. Қазіргі уақытта әуежай қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп, рейстерді қайта қалпына келтіруге дайындық жүргізуде. Келтірілген ыңғайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз.


Бөлісу