ШҚО-да оңалту орталықтарын қаржылай қолдау артты
1 қаңтардан бастап оңалту орталықтары жан басына шағып қаржы бөлу тәсіліне көшті. Бұл әсіресе ерекше қажетілігі бар балалар мен кембағал жандардың нақты көмек алуына септігін тигізеді. Ал мемлекеттен кейбір қызмет түріне бөлінетін қыржы бұрынғыдан бірнеше есеге ұлғайды. Биыл Шығыс Қазақстан облысы әлеуметтік жобаларды қолдауға 27 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлді. Алайда түрлі оңалту шараларын қажет ететін ерекше балалардың кезегі азаймай тұр.
Он жастағы Арман туғаннан сал. Алайда емдеу мен оңалтуды ерте бастағанның арқасында біртіндеп оңалып келеді.Қазір аяқ-қолын тіреп, буындарын өзі ұстай алады.
Әр бала қойылған диагнозына сәйкес ем-доммен қоса түрлі оңалтудан өтеді. Ол ұзақ әрі үздіксіз жұмыс. Сонда ғана нәтиже болады.
Ержан Құдайбергенов, емдік дене шынықтыру жаттықтырушысы:
Біз жаттығу барысында ата-аналарға да айтып отырамыз. Ең маңыздысы - емдік дене шынықтыруды уақытылы орындау, жалғастыру және жиілік. Әр маман осы 3 қағиданы ұстануы керек. Біз көптеген нәтижеге жетіп жатырмыз.
Жеткен нәтижені жетілдіргенде ғана жетістік болады. Өскеменде алты жыл бұрын ашылған бұл орталыққа бастапқыда 15 бала ғана келсе қазір олардың саны 100-ден асады.
Назгүл Шүкенова, қала тұрғыны:
Осы оңалту орталығына кеп жүргеннен бері бізде прогресс өте көп. Қазір бала өз бетімен отыратын болды. Ақырындап буындармен сөз айтатын болды.
Қазір ерекше балаларға жалпы қоғамда оң көзқарас қалыптасты. Сондықтан ата-аналар да емдік және оңалту шараларына мүдделі. Соған сәйкес мемлекет әлеуметтік жобаларға бөлінетін қаржыны еселеп арттырды. Нәтижесінде емдік гимнастика күн сайын 10-12 сағатқа дейін созылады. Ең негізгісі - арнайы орталықтардың аудандарда ашылуы.
Мәдина Әуренова, оңалту орталығының жетекшісі:
Ауданнан келген ата-аналарға қалада өмір сүру, сонымен қатар ақылы қызмет формаларын алу үшін қаржылық шығынды қажет етеді. Сол себепті аудандарда мұндай орталықтардың ашылуы, иә, бір бағытта емес, әртүрлі ерекшелігі бар балаларды біріктірген орталықтардың ашылуы аса маңызды.
Шығыс Қазақстан облысында бүгінде мыңға жуық ерекше бала арнайы есепте тұр. Диагнозы да әртүрлі. Соған сәйкес емдеу мен оңалту жұмысы үздіксіз болуы үшін алыс аудандарда орталықтар ашылса, мамандардың жұмысы жеңілдеуі мүмкін. Алайда арнайы маман мәселесі тағы бар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы