Басты Жаңалықтар Елімізде ерекше балалардың коррекциялық орталықтарына бақылау күшейтілуі мүмкін

Елімізде ерекше балалардың коррекциялық орталықтарына бақылау күшейтілуі мүмкін

Елімізде ерекше балаларды дамытуды бизнеске айналдырған мамандар көбейді. Инклюзия мамандары ешқандай сертификатсыз жұмыс істейтін орталықтарға тексеру жүргізу керек дейді. Сонымен мамандардың біліктілігін кім тексереді? Орталықтарға бақылау жүргізіле ме? 

Кішкентай Қайсар 5 жасқа толса да, сөйлемейді. Түсінігі де өз жасынан төмен. Анасы баласының дамуы үшін дамытатын орталықтар іздеген. Бірақ жарнамасы жер жарған мамандардан ешқандай нәтиже жоқ.

Айнұр Тастанбекова, ерекше баланың анасы:

Жарнамасы өте көп, барлық жерге ашып кірсеңіз, бағалары сұмдық. Біз енді миллионер емеспіз ғой. 1 жас 8 айынан бастап тасимын, міне, 5-тен астық. Үш жылда маған қарап бір рет те мама деп айтқан емес.

Бүгінде ерекше балаларды дамытумен айналысатын мамандарға сұраныс жоғары. Мемлекеттік орталықтарда орын жетіспегендіктен, ата-аналар жекеменшік ұйымдарға жүгінуге мәжбүр. Таңдау көп, бірақ білікті маман аз. Әсіресе балалардың тілін табатын АВА, сенсорлық интеграция, АФК сияқты маман табу қиын.

Рауан Сағадиева, Ерекше балалардың ата-аналары одағының төрайымы:

Біздің балаларымыз кәдімгі бизнеске айналып кеткен сияқты. Мысалы, бір сағаты ең кемі, ең азы 7-8 мың теңге тұрады. 35 минуттан 45 минутқа дейін. Бұл қазіргі таңда жалпы нарықта сондай. Жекеменшік орталықтардың және мамандардың лицензиясының жоқтығы. Осы қатты қынжылтады.

Ал кәсіби мамандар бейнекамералар орнатылған, мамандарының арнайы сертификаты бар орталық таңдаған жөн дейді.

Азамат Бақытбеков, халықаралық сертификатталған мінез-құлық талдаушысы:  

Егер орталық ешқандай кері байланыс бермесе, баланың дамуы бойынша өзгерістер енгізбесе, сабақтың жүргізу барысын бақылай алмаса, балада барлық қиындықты сіз өзіңіз білмесеңіз және мамандар түсіндірмесе, демек ол жағдайда орталықты ауыстырған жөн.

Қазақстанда диагнозы бар балаларға педагогикалық-психологиялық көмек көрсететін 190 жеке меншік ұйым бар. Мұндай орталықтар жеке кәсіпкерлік субъектісі болып тіркелгендіктен, оған Оқу-ағарту министрлігі мониторинг жүргізбейді.

Мира Нұрғалиева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің бас сарапшысы:

Мекемелерді лицензиялау нормасы жоспарлануда, қарастырылуда. Заң жобасына енгізілгеннен кейін осы лицензия нормаларына талаптар енгізіледі. Психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін ұйымдарды монтиоринг жүргізуге мүмкіндік аламыз.

Ал бар тапқанын баласының дамуына жұмсайтын ата-аналар қаптаған орталықтарға бақылау күшейтіліп, мамандардың біліктілігі тексерілсе деген талаптары бар.  


Бөлісу