Басты Жаңалықтар Тараз бен Түркістанда «Таза бейсенбі» акциясы өтті

Тараз бен Түркістанда «Таза бейсенбі» акциясы өтті

Жамбылда «Таза бейсенбі» акциясы аясында облыстық маңызы бар автожол бойы тазартылды. Күннің суғына қарамастан «Amanat» партиясы Жамбыл аудандық филиалының ұжымы Аса, Қаракемер және Өрнек ауылдарын жалғап жатқан жол жиегін тазалады. Игі іске мәслихат депутаттары, спорт саласының мамандары мен жастар қанатының мүшелері де белсенді қатысты. Олар ұзындығы 20 шақырымға жуық күре жол бойынан пластик ыдыстар мен полиэтилен қаптамалар көп кездескенін айтады. Ары-бері өткен жолаушылар қоршаған ортаға қоқыс қалдықтарын оңды-солды лақтыра берген.

Айта кетейік, былтыр аймақ бойынша акцияға 3 мыңға жуық партия мүшесі қатысып, 40 тоннаға жуық қоқыс шығарылған еді. Бұл бастама биыл да жалғасады.
Талап Әбдібеков, Жамбыл аудандық «Amanat» партиясы филиалының төрағасы:
Негізі бүгінгі акцияға 70-ке жуық азамат қатысты. Жұмыс қарқынды жүруде. Басты мақсатымыз аудан тұрғындарын тазалық сақтауға шақыру.
Ал «Amanat» партиясының Түркістан облыстық филиалы өңірдегі тарихи және киелі орындардың тазалығын қамтамасыз етуге ерекше мән беріп келеді. «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы аясында бүгін Аппақ ишан сәулет кешенінің айналасы қоқыстан тазартылды. Акцияға партияның жергілікті өкілдері, музей қызметкерлері мен «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілері қатысты.


Бөлісу