Жапонияда робот әскери жаттығуға қатысты
Бүгінде роботтардың адам өміріне әсері айтарлықтай сезіле бастады. Жапонияда өткен әскери жаттығуға төрт аяқты роботтар қатысты. Ал Лас-Вегаста өткен CES көрмесінде ән салатын мұзкәмпиттер ұсынылды. Бұл қалай дерсіз?
Бұрын-соңды болмаған оқиға. Жапонияда өткен құрлықтағы өзін-өзі қорғау күштерінің әскери жаттығуына төрт аяқты роботтар қатысты. Нарашино дайындық алаңында жүрген Vision 60 атты құлтемірді ешкім басқармайды. Ол өз бетінше қозғалады. Бұл АҚШ-тағы Ghost Robotics компаниясының өнімі. Салмағы 51 келі болатын техника секундына шамамен 1 метр жылдамдықпен 3 сағат 15 минут тоқтамай жүре алады. Күту режимінде тұрса, қуаты 21 сағатқа жетеді.
«Ән салатын» мұз кәмпиттер
Музыканы тыңдап қана қоймай, оның дәмін де татуға болатынын білесіз бе? АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен Consumer Electronics Show көрмесіндегі ән салатын мұзкәмпиттер көптің қызығушылығын тудырды. Тәттінің дәмін көрсең болды, Ice Spice пен Akon сияқты әртістердің әндері ойнай кетеді. Lollipop Star компаниясының өнімі сүйек өтімділігі технологиясы арқылы жұмыс істейді. Яғни, дыбыс бас сүйегі арқылы құлаққа жетеді.
Уесли Мур:
Музыканы мұз кәмпиттің дәмін татып, құлағыңды жапсаң ғана тыңдай аласың. Басында сенбеп едім, кейін көзім жетті. Мұндай дүниеге інілерім мен жиендерімнің қызығатыны анық. Өзім 66 жаста болсам да, қатты қызығып отырмын.
Мұз кәмпиттің бағасы 8,99 доллар. Компания өкілдерінің айтуынша, оның дәмін татуға асыққандардың саны бір милионнан асқан.
Ақылды құрастырылмалы ойыншық
Дәл сол көрмеде конструктор ойыншық өндіретін Lego компаниясы жаңа ақылды технологиясын таныстырды. Бұл Smart Brick аталатын бөлшек. Ол кәдімгі Lego кірпішіне ұқсайды. Бірақ басқа бөлшектермен әрекеттескенде, жарық беріп, дыбыс шығарады. Мысалы, ұшаққа орнатса, аспанға самғаған көліктің даусын шығарады. Адамның маңына орнатса, оны сөйлетеді. Осылайша, компания ойынның дәстүрлі форматын сақтай отыра техологиялық мүмкіндіктер енгізген.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы