Алматыда көлік қозғалысы экологиялық талаптарға сай реттеледі
Алматыда экологиялық аймақ құрылады. Жаңа талаптарға сәйкес, экоаймақ ішінде нормаға сай келетін автокөліктерге ғана жүруге рұқсат беріледі. Бұл шаралар шаһардағы ауа сапасын жақсартуға бағытталып отыр, дейді қала әкімдігі. Эко аумақтың нақты шекарасы қашан бекітіледі? Айдана Қуантхан тарқатады.
Мамандардың айтуынша, экологиялық аймақта жүретін автокөліктердің шығарындылары белгіленген талаптарға сай болуы тиіс, яғни рұқсат етілген көліктер ғана экоаймаққа кіре алады. Ал аймақтың нақты картасы жыл соңына дейін бекітіледі. Қала әкімдігінің мәліметінше, шектеулерді енгізер алдында көлік қозғалысы мен ағыны жан-жақты зерделенеді.
Айдана Қасен, «Eco Almaty» ЖШС департамент басшысы:
Қоғамдық көлікті дамыту, арнайы тұрақтарды дамыту, экологиялық көлікке көшу үшін қуаттайтын станцияларды орнату деген сияқты. Жұмыстарды зерттеп барып шектеу қойылады. Автокөлік иелері зонада қатынас жасау үшін арнайы техникалық тексерістен өтуі керек болады. Арнайы тексерісті әкімшілікпен келісімге отырған тексеру бекеттері жасайды.
Алып шаһарда 19 экобекет, 4 жылжымалы экологиялық зертхана бар. Олар кемінде күніне 800 көлікті тексеруі керек.
Айдана Қуантхан, тілші:
Күніне дәл осы эко бекетте шамамен 100 автокөлік тоқтатылады. Мамандар әрбір көлікті газ анализатор арқылы тексереді. Құрылғы темір тұлпардың маркасы мен шыққан жылына қарай ауаға бөлінетін зиянды шығындылардың мөлшерін анықтайды. Нәтижесінде экологиялық талаптарға сай келмейтін автокөлік белгілі болады.
Осы ретте мамандар қала атмосферасына жылына шамамен 189 мың тонна зиянды зат шығарылады. Оның 112 мың тоннасы көліктен бөлінеді, деп отыр.
Жұмаділ Шілдебаев, эколог, Абай атындағы ҚАЗҰПУ биология ғылымдарының профессоры:
Қаладағы ластаушы 100 пайыз десек, соның 60 пайызы автокөлік есебінен болып отыр. Жүрек-қан тамырларының аурулары, өкпе, тыныс жолдарының аурулары, жас нәрестелердің ауруларының күшейгені автокөліктен өте зиянды газдар бөлінеді. Азот, күкірт, ауыр металлдар бар. Осының барлығы ауаның қосындысында болып жатыр.
Зиянды шығарындылар нормадан асып кетсе, алғашында автокөлік иесіне 10 АЕК, яғни, 43 мың теңге, ал талапты қайта бұзса, 20 АЕК шамамен 87 мың теңге мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Мамандар бұл шаралар қаладағы көлік шығарындыларын азайтып, ауа сапасын жақсартуға сеп болады айтып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы