Елімізде соңғы 5 жылда жол апатынан 12 мың адам қаза тапқан
Жол қауіпсіздігін сақтау үшін жүргізуші куәлігін заңсыз беруді түбегейлі тоқтату қажет. Осылай деген депутаттар жол апатының көбейгенін айтып, Премьер-министрге сауал жолдады. Былтыр қаңтар-тамыз айында елде 22 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 32 мыңнан аса адам зардап шеккен. 1 446 адам қаза тапты. Жол апатының саны – 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 7 мыңға көп. Соңғы бес жылда тасжолдағы трагедиядан 12 мыңнан астам адам опат болды. Оның 1 мыңнан астамы – балалар. Депутат апатқа әкелген негізгі себептерді де тізіп өтті. Бірінші - жүргізуші жауапкершілігі. 2024 жылы 12 миллион 600 мың жол ережесін бұзу фактісі тіркелсе, 2025 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 9 миллион 700 мыңға жеткен. Мас күйінде ұсталған жүргізушілер саны – 16 мыңнан асады. Екіншіден, жүргізуші куәлігін заңсыз беру деректері азаяр емес. Соңғы жылдары осындай 222 қылмыстық факт анықталған. Тағы бір себеп - жолдың сапасыздығы. Сандарды келтірген депутат Үкімет басшысынан талапты қатаңдатуды сұрады.
Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Жол қауіпсіздігі – жекелеген саланың емес, адам өміріне тікелей әсер ететін мемлекеттік деңгейдегі мәселе. Себебі жол қысқартамын деп асыққандардың өмірі қысқарып кетіп жатыр. Осыған байланысты депутаттық сауалда көтерілген барлық мәселе бойынша нақты шаралар қабылданып, жүйелі жұмыс жүргізілуін сұраймыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы