Басты Жаңалықтар Оралға жаңа көпір қажет

Оралға жаңа көпір қажет

Оралға жаңа көпір керек. Келер жылы тұрғын саны 150 мыңға ұлғаятын Зачаган кентінің халқы қазір қала орталығына жалғыз көпір арқылы қатынайды. Алты жыл бұрын бұл мәселе көтеріліп, соңы сиырқұйымшақтанып қалған еді. Қазір тұрғындар өзекті мәселені қайта қозғап отыр. 

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Таразының бір басында - 700 теректің оталуы, яғни экология мәселесі. Екіншісінде - 120 мың халыктың жол, қатынас түйіткілі. Қайткен күнде де «өгізді де елтірмей, арбаны да сындырмайтын» ұтқыр шешім керек. Алты жыл бұрын тап осы жерде дәл осындай стендап жасаппыз. Мәселе әлі шешімін тапқан жоқ. Ал Шағанның арғы бетіндегі Зачаган кентінің тұрғындары қала орталығына жалғыз көпірмен қатынап жүр. Оларды қинайтыны – кептеліс жайы.

Әсіресе таңғы, кешкі қарбаласта көлік кептелісі күшейеді. Жол апаты болса, жолаушылар мүлдем жолда сағаттап тұрып қалады. Жұмысына, сабағына кешігеді.

Қайролла Сабыров, тұрғын:

Қиындық көріп жүрген жағдайымыз – кептелістер. Әсіресе, жаңа «Ақжайық» шағынауданы салынып жатыр. Сонымен қосқанда, Зачаганда 150 мың халық болайын деп тұр. Жер-жерден мектептер салынып жатыр. Ал қалаға бару үшін біз бір ғана «Динамо» деген көпірмен жүріп жүрміз. Үкіметтен сұрайтынымыз - осы жерге бір көпір салса екен.

Бауыржан Зейнешев, тұрғын:

Облыс орталығындағы базардың өзіне бару үшін 40 минут уақыт жұмсаймыз. Жаңа көпір салғаны бізге тиімді болар еді. Тіке барып, тіке келу, біріншіден, уақыт үнемделеді. Екіншіден, бұл - тек менің емес, барша тұрғынның жанайқайы.

Қазір Зачаган кентінің өзінде 80 мың тұрғын бар. Сол округтегі «Ақжайық» жаңа шағынауданына тағы 70 мың адам қоныс аудармақ. Алайда жаңа көпір жобасы 6 жыл бұрын қоғамдық тыңдауда сынға қалды. Экология белсенділері жол, көпір салынса, 1500 терек оталады деп қарсылық білдірді. Кейін әкімдік жобаны қайта қарап, орман қорынан қолданысқа алынатын жер көлемін қысқартты. Әрі  оталған ағаштардың орнына он есе тал-терек егуге уәде берді.

Мирас Мұхитов, қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Қоғамдық тыңдауда көп бөлігі қарсы болғандықтан, халықтың үнін тыңдап, тек қажетті жерді алатын болдық. Яғни 122 гектардан 69,6 га азайтылды. Әлеуметтік нысандар салынатын жерде теректер кесіледі. Бірақ «Ақжайық» шағынауданында 5 гектардай жер саябаққа алынған. Кесілген теректер болашақта сол саябақта егіледі.

Жаңа «Ақжайық» шағынауданына 70 көпқабатты тұрғын үй, 4 балабақша, 1500 орындық үш мектеп, 60 әлеуметтік нысан салынады. Қазірдің өзінде құрылыс қарқын алып, баспаналы болғандар көбейген. Ал көпір мәселесі қоғамдық тыңдауда тағы бір мәрте қаралып, көпшілік жобаны бірауыздан қолдады.

Абзал Жұмалиев, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

Көпірдің құрылысы «Ақжайық» шағынауданынан Шаған өзенінен өтіп, ескі жобамен Сыдықов көшесінен шығып тұр. Көпірдің ұзындығы шамамен 4,2 км құрап отыр. Төрт жолақты болады. Ені шамамен 14-15 метр деп есептеп отырмыз. Ол жобалық шешімге байланысты болады.

Қаражат мәселесі шешілсе, құрылыс келер жылы басталмақ. Жаңа көпір салынса, халық орталыққа қазіргідей 1 сағатта емес, 15 минутта жете алады.


Бөлісу