Жамбыл облысында ауызсуға бөлінген қаржы желге ұшты
Жамбыл облысы Тоғызкент ауылында 400 млн теңгеге жуық қаржыға салынған су станциясын тұрғындар пайдалана алмай отыр. Өйткені суы ішуге жарамсыз, кермек. Иісі де жағымсыз. Тіпті тіршілік көзінен тарыққан тұрғындар ауылды Сарысу ауданынан шығарып, көрші Талас ауданының құрамына қосуды талап етті.
Таза суды сарыла күткен жұрт Талас ауданындағы ауызсумен қамту қарқынын аузымыздың суы құрып айтамыз дейді. Онда елді мекендер 100% сумен қамтылған. Сондықтан әкімдіктен көңілі қалған тұрғындар көршіге қосылуды сұрайды. Ал өздері тұратын Тоғызкент ауылында 2 жыл бұрын ауызсу станциясы салынған. Бірақ 5 ай өтпей суы тұзданады. Әу баста жобалаушыларға жерасты суы жарамайтынын ел болып ескертсек те, тыңдамады дейді.
Мешітбек Жолдасов, Тоғызкент ауылының тұрғыны:
Су емес, бұл - «у»! Былайша айтқанда у ішіп отырмыз. Босқа бәрі далада қалды. Мемлекеттің пәленбай млн ақшасын желге ұшырды. Жарамсыз, әншейін қалды босқа.
Нұрлан Исмаилов, Тоғызкент ауылының тұрғыны:
Бұл жерден мал да су ішпейді. Шілденің ыстық күнінде шөлдеп келген мал бұрылып кетіп қалады.
Жобаны жасағандар 377 млн теңге желге ұшты дегенге келіспейді. Қаржының 250 млн-ына құбыр тартып, 100 млн-ды ғимарат салуға жұмсадық дейді. Ал судың тұздылығын төмендету үшін мембраналар қойылғанымен, барлығы істен шыққан. Содан жаңа ұңғыма қазып, көрші ауылдың суына қосқан. Бірақ құбыры ескіргендіктен, жаңартуға қаржы қажет деп отыр.
Дәуренбек Шалбаев, Сарысу аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
Жобалаушы бас салып, кез келген жерге скважина қоймайды ғой. Оларда «КазЮжНедро-ның» протоколдары бар, 28 жылға дейін жарайды. Соның хаттамаларын негізге алып, осы жерден жолға қойған. Біз сол жобадан ауытқып кете алмадық. «Әбілда» ауылының ішкі жүйесімен бірге жөндеген кезде, бұл жаққа да тартып береміз деп жоспарлап отырмыз.
Дауға айналған су станциясын жоғары аудиторлық палата өкілдері де тексерген. Қорытындысында қаржы тиімсіз пайдаланылғаны анықталған. Енді салы суға кеткен Сарысу әкімдігі 2 мың тұрғынның игілігі үшін салынған жаңа нысанды консервациялау туралы шешім шығармақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы