Интернет алаяқтар балаларды арбауға кірісті
Интернет алаяқтар балаларды арбауға кірісті. Роблокс ойыны арқылы ата-аналардың жеке деректерін сұрап, ақша жымқырады. Кейінгі кезде тіпті бейәдеп тапсырма беріп, жат қылыққа шақыруға көшкен. Мәжіліс депутаттары Үкіметке осылай деп сауал жолдады. Миллиондаған баланы телефонға телмірткен роблокс бұғаттала ма? Қауіпті ойыннан баланы қалай қорғаймыз? Жанел Нұрболатқызы зерттеп көрді.
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Балалар арасында вирус шықты. Кейінгі жылдары ол ерекше өршіп тұр. Жоқ, ауруды айтпаймыз. Айтпағымыз, мониторға телмірткен роблокс жайлы. Жеткіншектер виртуалды кейіпке еніп, сағаттап ойнайды. Үй салады, ұпай жинайды. Тіпті, өз кейіпкеріне түрлі тапанша, балта ұстатып, түрлі қорқынышты әрекеттерді орындайды.
Ең қауіптісі, ойынның ішінде чат бар. Оны балалар ғана емес, арам пиғылы бар ересектер де пайдаланады. «Айтқанымды істесең, көп ұпай жинайсың» деп баланы иландырады. Сосын ата-анасының банк картасы, өзге де деректерін біліп алады.
Дәулет Әубәкіров, IT маман:
Роблокста ойыншының жас ерекшелігін анықтайтын функция жоқ. Ол болғанның өзінде монитордың ар жағында ересектер отыруы әбден мүмкін. Ойынды шығарып отырған адамдарға ондай жүйені орнату тиімсіз. Өйткені, ойыншылардың саны азаяды. Яғни табысы төмендейді.
Ал психологтар мұндай ойындар баланың психикасын бұзады дейді.
Милана Елеусінова, психолог:
Біріншіден, онда миға ләззат сигналы беріледі де, тәуелділік артады. Сондықтан бұл ойынды ойнағандарды тоқтату қиын. Одан кейін ұйқы мен сабақты ұмытады. Ойынның келесі кезеңіне жетпесе агрессиясын көрсетіп жатады. Шынайы өмірден алшақтайды да, тек виртуалды өмірге асығып тұрады.
Сондықтан роблокс көп елде бұғатталған. Атап айтсақ, Ресей, Иордания, Қатар, Алжир, Ирак, Қытай және Турцияда бұл ойынға тыйым салынған.
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бақылауға алу қиын, сондықтан бұл мемлекеттер бұғаттауды дұрыс шешім деп қабылдап отыр. Бұған деген бізде мемлекеттің тарапынан қандай мүдде, қадам бар деген сұрақ қойып отырмын. Өйткені бар екені дәлелденсе бұған тыйым салынады.
Ал ата-аналар бұл ойынның қауіпті екенін біле ме? Ұл-қызына тыйым сала ма?
Иә, кейбір ата-аналар роблокстың зияны жайлы білмейді. Жуырда еліміздің балалар құқығын қорғау комитеті осыны айтып, дабыл қаққан еді. Алайда, жауапты министрлік роблоксқа түбегейлі шектеу қою әзірге жоспарда жоқ екенін жеткізді. Өйткені қауіпті екені әлі дәлелденбеген. Десе де, бүгін депутаттардың Үкіметке жолдаған сауалынан кейін мәселе жан-жақты зерделеніп, ойынды бұғаттау туралы шешім қабылдануы мүмкін.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы