Еліміздегі суперкомпьютер академиктің апталап шығаратын есебін 3 сағатта шешті
Суперкомпьютер математиктер үшін апталап, кейде айлап созылатын күрделі есептерді бірнеше сағаттың ішінде шешуге мүмкіндік беріп отыр. Алматыдағы Farabi Supercomputer Center орталығында іске қосылған бұл жүйе ғылымдағы уақыт пен мүмкіндіктің аражігін қысқартты. Академик Асқар Жұмаділдаевтың айтуынша, мұндай есептерді ең соңғы үлгідегі жеке компьютердің өзінде кем дегенде бір апта есептеу қажет болған.
Академик айналысып жүрген ғылыми есептер аса жоғары есептеу қуатын талап етеді. Осыған байланысты орталық мамандары жедел түрде серверлік ресурстарды бөліп, есептеулерді суперкомпьютерде іске қосты. Нәтижесінде бірнеше күнге созылатын жұмыс бар болғаны бірнеше сағатта орындалды.
Асқар Жұмаділдаев, ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:
Бұл жерде үш есеп есептеймін. Соның біреуін бастадым. Көрейін деп тамырын басып көріп жатырмын. Менің бір апта есептейтінімді 3 сағатта есептеп береді. Дәрежесі сегізге дейін ғана. Бұл шынымен орасан зор күш. Ол – дию. Орасан зор күші бар дию. Тек соған сен дұрыстап бұйрық беруің керек. Және дұрыстап есеп қоюуың керек. Тура есеп қойсаң ол есептей береді.
Бұл кешен отандық ғалымдардың ғылыми ізденістерін қағаз жүзінде қалдырмай, нақты технологиялық нәтижеге айналдыруға жол ашады. Мұнда орнатылған суперкомпьютер есептеу қуаты аса жоғары процессорлармен жабдықталған серверлерден тұратын заманауи кешен. Ол күрделі математикалық модельдерді есептеуге, ауа райын болжауға және жасанды интеллект бағытындағы жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Әмірхан Темірбаев, Farabi Supercomputer Center орталығының директоры:
Заманауи компьютерлерден 10 мың есе жоғары. Яғни, есептеу жылдамдығы біздің суперкомпьютеріміздің 2 мың терафлопс. Бүгінгі таңда әлемдегі 600 мықты суперкомпьютердің ішіне кіреді. Бұдан бөлек жады, сақтау жүйесі 6 петабайт.
Суперкомпьютердің тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеуі үшін
орталық сенімді электр энергиясымен және заманауи салқындату жүйесімен толық
жабдықталған. Бұл кешен академиялық кластер ретінде жұмыс істеп, университет
ғалымдарының зерттеулері мен ғылыми жобаларына қызмет көрсетеді. Осылайша,
орталық ғылым мен технологияны өзара тоғыстырып, теорияны нақты нәтижеге
айналдыратын тиімді құралға айналып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы