М.Әуезов атындағы Ұлттық театрдың 100 жылдығына орай ғылыми конференция өтті
Бүгін Мұхтар Әуезов атындағы Ұлттық драма театрына – 100 жыл. КСМ: Ғасырлық мерейтой аясында Алматыда ауқымды шара өтті. Тұңғыш ұлт театрының өткені сараланып, бүгіні мен келешегі талқыланды. Ғылыми конференцияға шетелдік және отандық танымал ғалымдар, қоғам және өнер қайраткерлері қатысты. Сонымен қатар, Премьер-Министрдің орынбасары, Мәдениет және Ақпарат министрі Аида Балаева құттықтау хатын жолдап, мерейтойдың маңыздылығын атап кетті. Ал ұлы күн аясында бүгін «Еңлік–Кебек» спектаклі қайта сахналанды. Бұл қойылымның астарында терең мағына, тағзым мен сабақтастық жатыр.
Дәл жүз жыл бұрын, яғни, 1926 жылдың 13 қаңтарында, қазақтың тұңғыш кәсіби театры өз шымылдығын қазақ әдебиетінің ұлы классигі, жазушы Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясымен ашқан еді. Сол сәттен бастап туынды ұлттық театр тарихының тәжіне айналды. Одан кейін де уақыттың көшіне ілесіп, театр елдің арман-мұратын, жанын сөйлетіп, тағдырын өнерге айналдырып келеді.
Дулыға Ақмолда, Қазақстанның Халық әртісі:
Актер болып қалыптасуыма, бүгінгі жеткен жетістігіме барлық осы менің екінші үйімдей болған Әуезов театрының арқасы деп есептеймін. Әр уақытта үлкен өзгеріс үстінде болуы керек. Менің айтып тұрғаным шығармашылық өзгеріс. Сондықтан да жақсы жаңалықтар күтемін. Заманауи драматургия, заманауи режиссура, заманауи актерлік ойын біздің театрымызбен бірге болуы керек қашанда.Гүлшат Тутова, «Құрмет» орденінің иегері:
Келешекте үлкен қойылымдар күтемін. Біздің театрдан классикалық, осы әлемдік, жастардың жазуымен болған бүкіл пьессалар қойылады деген ойдамын.Қасиетті сахнада Абайдың ойы, Қарагөздің нәзік тағдыры, Еңліктің көз жасы, Кебектің қайраты, Қозы Көрпештің сағыныш серті тірілді. Халықтың өзегіне айналған жауһар туындылар ұлттың жанын бейнелейтін тірі шежіреге айналды, дейді сахна саңлақтары. Театр 1927 жылы Алматыға қоныс аударып, араға он жыл салып академиялық дәреже алды, кейін оған Мұхтар Әуезовтің есімі берілді. Қазіргі таңда «ұлттық» мәртебеге ие.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы