Басты Жаңалықтар Тараздағы су арналары қоқыс қалдықтарына толы

Тараздағы су арналары қоқыс қалдықтарына толы

Тараздағы су арналарының айналасы тұрмыстық қалдықтар тастайтын орынға айналып барады. Қарасу мен Қапал каналын жағалай жүрсеңіз қоқыстан көз сүрінеді, қамыстан бет тілінеді. Тұрғындар бұл тазалыққа салғырт қараудың салдары дейді. Қалалықтардың экологиялық мәдениеті мен шенділердің ел алдындағы міндеті туралы Данияр Әлімқұл сабақтайды.
Қарасу каналында қарайған қоқыс көп. Қапал арнасын жағалай жүрсеңіз де қапа боласыз. Су бетінде қалқыған қалдық. Көліктің бөлшегі де, бөтелке де жатыр. Өзенді жағалай қонған тұрғындар тазалық болу үшін бейнебақылау камералары мен қоқыс жәшіктерін көбейту керек дейді.
Ұрпан Қожагелдиева, қала тұрғыны:

32 пәтердің үстінен, тіпті балконнан лақтыратын ел бар ғой. Не деген сұмдық. Артының бәрін тастап кетеді елдің бәрі. Бәрін үнемі мен тазалаймын. Кеше кәрі басым 70-те болсам да, бәрін гравли алдым да тазалап шықтым. Елде ұят бар ма, жоқ па білмейміз енді. Өздерің үшін тазалық керек, бәрі керек қой.
Бүгінде қала аумағында 44 канал бар десек, оның 8-і облыс орталығын кесіп өтеді. Барлығында картон қаптамалар мен сусын қалбырлары толып жатыр.
Таразды тіліп ағатын Талас өзені де, өзге каналдар іші де міне тұрмыстық қалдыққа толы. Ал анау арғы бетте қоршалған қоқыс төгетін орын бар. Ел-жұрт екі метр аттауға ерініп, пластик ыдыстарды су ішіне лақтыра салатын болған.
Былтыр Таразға көрші екі ауданнан 14 елді мекен қосылды. Нәтижесінде халық саны 500 мыңға бір-ақ барды. Тұрғындар қала орталығы таза болғанымен шаһардың шеткері аудандары шашылып жатыр дейді. Мұны Тараздың тазалығына жауапты «Жасыл ел Тараз» серіктестігі де растайды. Олар қала аумағы кеңейгендіктен биыл адам санын 300-ге көбейтіп, 80 бірлік жаңа техника алмақ.
Ғалымжан Қайназаров, «Жасыл ел - Тараз» ЖШС директоры:
Күніге жинайды, бірақ 2-3 күнде қайтадан лас болып қалады. Қаламызда 7 үлкен каналамыз бар. 6 үлкен саябағымыз бар. 62 сквер, 120-дан астам көшелеріміз бар біз тазалайтын. Қала тазалығын сақтау үшін біздің ұжымда 1021 адам жұмыс істейді.
Тәртіп сақшылары тазалық сақтамағандарды тәртіпке шақыруда бейнебақылау камераларының көмегі көп тиіп жатыр дейді. Былтыр мыңнан астам аула камерасы арқылы қоқыс тастаған 27 мың адамды жауапқа тартқан. Ал оларға салынған айыппұлдан қазынаға 270 млн теңге түскен.
Нұржан Керебаев, облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы басшысының орынбасары:
Учаскелерді аралау кезінде осындай қызмет барысында фактілер анықталуда. Тұрғындарымыз мусорларды рұқсат етілмеген жерге тастау фактілері орын алып жатыр. Ол бойынша әкімшілік коддекстің 505-бабы бойынша хаттамалар толтырылып, 20 АЕК айыппұл салып жатыр.
Ал аймақта «Таза Қазақстан» акциясы аясында екі жыл бұрын телеграмм-бот іске қосылған. Бірақ бұқараның басым бөлігі бұл жобаны білмейді. Атқарушы органдар ақпараттық сервисті тұрғындарға таныту жолын таба алмай келеді.

Бөлісу