Басты Жаңалықтар Енді бекіре өсіретін шағын шаруашылықтар да субсидияға іліге алады

Енді бекіре өсіретін шағын шаруашылықтар да субсидияға іліге алады

Енді бекіре өсіретін шағын шаруашылықтар да субсидияға іліге алады. Биыл кәсіпкерлерге қойылған талап жеңілдеп, жылдық өнім қуаты 45-тен 25 тоннаға дейін төмендеді. Бұл шығыны мен машақаты көп кәсіптің иелері үшін үлкен қолдау дейді сала мамандары.
Бекіре – бағалы балық. Менің қолымда тұрғаны шамамен 9 айлық. Қазақстанда көбіне Каспий теңізінде кездеседі. Алайда қара уылдырығына қызыққан броконьерлер санын сиретіп жіберген. Сондықтан «Қызыл кітапқа» енді. Ал өндірісте ашық аспан астында өсіру қиын. Сондықтан осындай жабық фермада бассейндерде ұстайды.
Валентин Ищенко - Қостанай облысында бекіре балығын ғимарат ішінде көбейтіп, іс бастаған алғашқы кәсіпкер. Ферма осыдан екі жыл бұрын іске қосылды. Бүгінде мұнда бекіренің 5 түрі өсіріледі, ал саны 3 мыңнан асқан. Керек жабдықтың бәрі бар. Судың сапасы мен температурасы да өздігінен реттеледі. Жобаның жалпы құны - 300 млн теңге.
Валентин Ищенко, бекіре фермасының басшысы:

Мемлекет инфроқұрылым тартып, ферма құрылысына жер телімін бөлді. Енді субсидияның көмегіне де өтінім бере аламыз. Әрине, бұл жақсы қолдау. Басқаларды да ынталандырады. Себебі керек-жараққа, жеміне қомақты қаражат жұмсаймыз. Ендігі мақсат - кәсіпті кеңейту.
Бекіре табиғи жағдайда екі-үш жылда өсіп, жетіледі. Ал фермада бір жарым жылдың ішінде тауарлы балыққа айналады. Сондықтан жанынан шағын цех те ашылған. Бұл жерде түрлі өнім түрі дайындалады. Әзірге облыс аумағына өткізіп жатыр. Алайда өзге өңірлерден де сұраныс бар.
Роман Герберсагин, технолог:
Қазір күніне шамамен 500 кг жуық балық өңдейміз. Барлығы талапқа сай, тек табиғи өнім қолданылады. Келешекте бекіреден де бөлек балық түрлерін қосқанда өнім көлемін 100 позицияға дейін жеткізуді көздеп отырмыз.
Облыс бойынша бүгінде 187 су айдыны жеке пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Соның алпысқа жуығы тауарлы балық өсірумен айналысады. Олар былтыр 750 тонна балық өндірген. Көрсеткіш былтырғыдан 21 пайызға жоғары.
Береке Тоғаев, Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы:
Субсидиядан басқа қазіргі таңда кәсіпкерлерге жеңілдетілген несиелер қарастырылып отыр. Атап айтсақ 2,5 пайызбен бюджеттік несие, бұл жаңадан балық өсіру шараушылықтарын салуға немесе кеңейтуге, өңдеуге қарастырылған. Тағы да қаражат айналымын толықтыру мақсатында 5 пайыздық жеңілдік несие қарастырылып отыр.
Бекіре фермасында қазір он екі адам тұрақты табыс тауып отыр. Кәсіпкердің алға қойған ендігі межесі - өнім көлемін арттыру. 25 тонна бекіреден бөлек тағы 50 тонна бақтақ балығын баптамақ. Жоспар жүзеге асса, экспорттық әлеуеті артып, жұмыс орны екі есе көбейеді

Бөлісу