Басты Жаңалықтар Оралдықтар автобуста кітап оқи бастады

Оралдықтар автобуста кітап оқи бастады

Оралда жолаушы тасымалдайтын бірнеше автобус шағын кітапханаға айналды.

Қалаішілік №5 және №2 бағыттағы қоғамдық көліктерге арнайы кітап сөрелері орнатылды. Тұрғындар жол бойына көркем әдебиет, танымдық және мотивациялық кітаптарды оқи алады. Облыстық кітапхана ұжымы «Кітаппен бірге жолда» атты жаңа жобаны уақытты тиімді пайдалану, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында қолға алған. Жолаушылар бұл бастама, әсіресе, жастар арасында қолдау табады деп сенеді.

Төлеген Қайырғали, Орал тұрғыны:

Жұмысқа барамыз, жұмыстан келеміз. Оқуға барамыз, оқудан келеміз деген сияқты күнделікті өміріміздің бір-екі сағаты жолға кетеді. Сондықтан бұл – жақсы әдет қалыптастыратын жақсы жоба деп ойлаймын. Болашақта өскісі келетін, рухани дамығысы келетін кез келген адам кітап оқыған жөн.

Заврура Қарабалина, Орал тұрғыны:

Жолда босқа уақытымызды кетіргенше, мына тұрған кітаптарды алып, оқып, қараса, өздеріне де азық болады. Оқыған кітаптарын үйдегі балаларына да айта алады. Өрісі кеңейеді ғой.

Жолаушылар кітап алмаса алады. Сөредегі әдебиетті оқып, ұнатса, үйіне алып кетіп, кейін тапсыруға немесе орнына басқа кітап әкеліп қоюына болады. Кітапханашылар үшін бұл жоба оқырманның қандай әдебиетті көбірек оқитынын зерттеу үшін де керек. Егер бастама қолдау тапса, кітап сөресі ауданаралық автобустарға да қойылады.

Нұрлыгүл Сағынова, Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана директорының орынбасары:

Бір аялдамадан келесі аялдамаға дейін кейде кішкентай балалар мазасызданып, телефонға жармасып жатады. Сондай жағдайда балаларға түрлі-түсті суретті кітаптарды беруге болады. Book crossing ретінде жалғасып жатыр. «Бук кроссинг» деген бұл кітап алмасу. Яғни қала тұрғындарының үйде оқып тастаған кітаптары болса, өз қолтаңбасын, тапсырған күнін жазып, автобус сөрелеріне әкеліп қоюға болады.


Бөлісу