Басты Жаңалықтар Жамбыл облысында отыздай мектеп әбден тозған

Жамбыл облысында отыздай мектеп әбден тозған

Жамбылда 30-ға жуық мектептің тозығы жетіп тұр. Олардың басым бөлігі ширек ғасырдан бері жөндеу көрмеген. Бөлме сыныптарынан бастап спорт және акт залдары тар, талапқай сай емес. Соның бірі Тараздағы жетпіс жыл жөндеу көрмеген №27 орта мектеп. Ағарту ошағы тозып кеткендіктен ата-аналар балаларын басқа мектептерге ауыстырып алған.

Мына Мәншүк Мәметова атындағы орта мектеп 73 жыл бұрын салынған. Содан бері жөндеу жұмысы жүрмеген. Қыста суық, едені мен есігі ескі, терезелері тозған. Салдарынан 400 бала жаңа оқу жылын басқа мектепте бастады.

Майра Көшербаева, қала тұрғыны:

Бастауыш мектеп пен үлкен мектеп орта мектептің ортасында балалар далада қыстыгүні қиындау болатын. Себебі балалар спорт залдан терлеп шығып, ауырып қалатын күндер де болатын балаларымыздың.

Мектепте акт залы атымен жоқ, спорт залы тар, асханасы шағын. Әрі білім ұясынан бөлек салынғандықтан балаларға күн суықта далаға шығуға тура келеді. Білім бөліміндегілер ескі мектеп жөндеуге келмейтіндіктен жаңасын салуды бастадық дейді. Қазір «Жібек жолы» ауданында 3,7 млрд теңгеге 600 орындық жаңа нысанның кірпіші қалана бастаған. 

Гүлзат Қарымбаева, №27 орта мектептің директоры:

Бұл ауданға бұндай мектеп керек. Себебі бұл жерде халық тығыз орналасқан. Түрлі ұлттар бұл жерде. Негізі жоспар бойынша 2026 жылдың қараша айында біту керек. Бірақ қыркүйек айына бітіріп береміз деп мердігер уәде беріп отыр.

Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров ескі мектептерді азайту мәселесін Мәжілісте де көтерген. Енді биыл бюджет кодексіне сай білім ұяларын жаңғырту жұмысы қосымша қаржы есебінен жүргізілмек. 

Мұқаш Ескендіров, Мәжіліс депутаты:

Жамбыл облысында осындай 1951 -жылғы салынған мектептер әлі бар. Сондықтан биыл субвенция ретінде бюджеттік кодекске мемлекет тарапынан 6 трлн теңге ақша бөлінді өңірлерге. Осындай мәселелерді шешуге. Сондықтан менің ойымша жылдан жылға азайып келе жатыр. 2026-2027 жылдары бәрі бітіруге атсалысамыз.

Аймақта былтыр 10 мектеп қайта жаңғыртылса, ал биыл 26-сы  күрделі жөнделеді. Оған 18,2 млрд теңге қаржы қаралған. Ал алдағы екі жылда өңірде 70-ке жуық мектеп жаңғырады деп жоспарланған. 


Бөлісу