Басты Жаңалықтар Цифрлық Кодекс аясында жеке мәліметтер заңмен реттеледі

Цифрлық Кодекс аясында жеке мәліметтер заңмен реттеледі

Енді азаматтар өздерінің жеке деректерін жоюға, анонимдеуге және өңдеуді шектеуге құқылы. Мұның бәрі жақында қабылданған Цифрлық кодекс аясында жүзеге аспақ. Сондай-ақ электрондық құжаттардан басқа цифрлық құжаттар, цифрлық мәліметтер сияқты жаңа ұғымдар пайда болады.
Қала тұрғыны Ержан Латен осыдан екі жыл бұрын алаяқтарға аударған 2 миллион теңгесін әлі қайтара алмай жүр. Ол аздай, кибералаяқтардық жүйелі схемасына анасы да тап болған. Алданған азамат жеке мәліметтердің қолжетімділігі құқығымыздың қорғалмауымен тең дейді.
Ержан Латен, қала тұрғыны:

Біз бәрібір әлеуметтік желідеміз ғой, бәрібір біздің нөміріміз бір жерде қалып қояды. Бір тіркеуде болсын қалып қояды. Жалпы, біздің ақпаратымыз өте кең таралған. Өйткені менің анамды алаяқтар алдап жүрген кезде қай жерде жүргенін біліп отырған.
Енді цифрлық кодекс аясында азаматтар жеке деректерді өшіруді немесе анонимдеуді талап ете алады. Құжат күшіне енген күннен бастап, яғни 6 айдан кейін елде тұңғыш рет цифрлық құқықтар бекітіледі. Осылайша «көлеңкелі айналымға» тосқауыл қойылады дейді мамандар.
Айгүл Жүргенова, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі департамент директорының орынбасары:
Мысалы, сіздерге тамақ тасымалдау қосымшасы болмаса қажет немесе сіз өз деректеріңізді уақытша өңдеуге, жоюға, анонимдеуге өтінішіңіз болса, сол қосымшаның иегеріне өтініш жазасыз. Ол 15 күннің ішінде сіздің барлық мәлімеіңізді жоюға немесе анонимдеуге немесе шектеуге тиіс.
Кодекс аясында, Face ID мен саусақ іздерін жинау қатаң бақылауға алынады. Биометрия тек заңда көрсетілген жағдайларда ғана сұралады. Демек, рұқсатсыз жинауға тыйым салынды. Сондай-ақ, Push-хабарламалар мен SMS-кодтар ресми растау құралы болып танылды. Цифрлық мәліметтер электрондық құжаттармен тең дәрежеде қолданылады. «Цифрлық трансформация» ұғымы пайда болып, мемлекеттік органдардың жұмысы жыл сайын «Цифрлық даму индексі» бойынша бағаланады. Және барлық цифрлық сервистер мен өнімдер мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді және ыңғайлы болмақ. Кодекспен бірге «Киберқауіпсіздік туралы» заң күшіне енді. Цифрлық нысандарды қорғау мен деректер қауіпсіздігі жаңа стандарттар бойынша күшейтіледі.
Мамандар, жай ғана құжат емес, Цифрлық Кодекс - азаматтардың виртуалды әлемдегі құқығы мен қауіпсіздігінің кепілі дейді. Ашық деректерге сүйенсек, өткен 12 айда 28 мыңнан аса азамат интернет-алаяқтарға алданған.

Бөлісу