Басты Жаңалықтар Қарлы бораннан соң қатты аяз болады

Қарлы бораннан соң қатты аяз болады

Шығыста да қарлы боран соғып тұр. Бүгін таңертеңнен бері өңірдегі республикалық маңыздағы бірнеше бағыттағы жол жабық тұр. Қатты бораннан жол мүлде көрінбейді. Сондықтан «ҚазАвтоЖол» мекемесі шектеу енгізді. Аймақтағы ауа райына қатысты ахуалды әріптесім Олжас Керейханнан білсек? 

«Қазгидромет» орталығы шығыста әуелі қар жауып боран соғатынын бірнеше тәулік бұрын хабарлаған. Өскеменнің өзінде түске дейін ұйтқып жел соғып, жапалақтап жауған қардың соңы жаңбырға ұласты. Көшенің көбі көктайғақ. Сондықтан қала тазалығына жауапты мекеме мамандары тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Алғашқы қар жауғаннан бастап бүгінге дейін Өскеменнен 70 мың текше метрге жуық қар шығарылған. Бүгін таң ата өңірде күн райы күрт бұзылып, автокөлік жолдары бірінен соң бірі жабылды. Әуелі Өскемен-Семей аралығы, одан соң Өскемен-Талдықорған-Алматы және Өскемен-Алтай - Қатон - Қарағай бағыттарына шектеу қойылды. Бұл республикалық жолдар. Облыстық маңыздағы Шемонайха қаласы мен Секисовка ауылының арасы да жабық тұр. Төтенше жағдайлар қызметі өңірдегі жолдардың жағдайы туралы ақпаратты және күн етегі жабылғанша халыққа алыс жолға шықпау туралы ескертуді сәт сайын жіберіп жатыр. Әзірше жолдарға қойылған шектеу әлі алынған жоқ. Бірақ  қазіргі сәтте Өскеменде күн райы 0 градус қана. Дегенмен «Қазгидромет» мамандары сәрсенбіден бастап шығыста сары аяз сақылдайтынын хабарлады. Тіпті аптаның соңына қарай солтүстік аудандарда түнде 37-39, ал күндіз 33-35 градусқа дейін аяз болады, деп болжануда.


Бөлісу