Басты Жаңалықтар Президент Парламенттік реформа бойынша кезекті жұмыс кеңесін өткізді

Президент Парламенттік реформа бойынша кезекті жұмыс кеңесін өткізді

Мемлекет басшысы конституциялық реформаға қатысты түсіп жатқан ұсыныстармен танысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен және Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевпен Парламенттік реформа бойынша кезекті жұмыс кеңесін өткізді. Ерлан Қарин Президентке жұмыс тобының 9 қаңтарда өткен отырысында болашақ бір палаталы Парламенттің мәртебесін, өкілеттіктері мен функцияларын анықтауға, сондай-ақ биліктің басқа да тармақтарымен өзара іс-қимылына қатысты тәсілдер әзірленгенін айтты. Ал Ержан Жиенбаев конституциялық реформаға қатысты жұмыс тобы мүшелері мен тұрғындардың ұсыныстарын жеткізді. Президент барлық пікір мен бастаманы ескеру қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ конституциялық реформа бойынша түпкілікті шешімді ел азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар кездесуде Ұлттық құрылтайдың Қызылорда қаласында өтетін бесінші отырысына дайындық мәселесі қаралды. Мемлекет басшысы Құрылтай отырысын өткізуді осы жылдың 20 қаңтарына белгілеп, алдағы маңызды іс-шараны ұйымдастыру және оған тыңғылықты әзірлену жөнінде нақты тапсырма жүктеді.


Бөлісу